Жаңа оқу жылында мектептерде үш жаңа курс енгізіледі: Павлодарда оларды кімдер оқытады?

Жаңа оқу жылында мектептерде үш жаңа курс енгізіледі: Павлодарда оларды кімдер оқытады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұғалімдердің жаңа курстарға дайындығы да өзекті мәселе болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа оқу жылының басталуына біраз ғана уақыт қалды. Биыл қазақстандық мектептерде оқу бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілмек. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерде «Конституция негіздері», «Заң мен тәртіп» және «Жеке қауіпсіздік» курстары енгізілетінін мәлімдеген. Сонымен қатар, келесі оқу жылынан бастап 8-9-сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәнін қайта оқыту жоспарланып отыр.

Жаңа өзгерістерге байланысты мектептерде бұл курстарды кім жүргізеді, оларға қанша сағат бөлінеді және мұғалімдер жаңа бағдарламаға дайын ба деген сұрақтар туындайды. Осы мәселелер бойынша Павлодар облысы білім беру басқармасының Білім беруді дамыту инновация орталығының басшысы Бақытгүл Аушахманова мен сөйлестік.

– 2026-2027 оқу жылында 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» курсы енгізіледі. Бұл курс білім алушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Яғни оқушылардың Конституцияны, заңды құрметтеуіне және өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне басымдық беріледі, – деді орталық басшысы.

«Конституция негіздері» курсын тарих және құқық пәндерінің мұғалімдері жүргізеді. 

Жоғары сынып оқушылары үшін тағы бір жаңа курс – «Заң мен тәртіп». Ол 8-11-сыныптарда енгізіледі. Курстың негізгі мақсаты – заңды құрметтеу, тәртіпті бағалау және қоғамдағы жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

Бұл курсты да тарих және құқық бағытындағы мұғалімдер жүргізеді.

– Яғни мектептерге бұл пән үшін міндетті түрде жаңа маман алу қажет емес. Қолданыстағы педагогтердің арасынан тиісті білімі бар ұстаздар анықталып, жаңа курсты жүргізізеді, – дейді Бақытгүл Аушахманова.

5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі. Маманның түсіндіруінше, оның мақсаты – балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын дамыту.

Бұл курсты сынып жетекшілері жүргізе алады. Сонымен қатар, алғашқы әскери және технологиялық дайындық педагогтеріне де оны оқытуға мүмкіндік беріледі.

Осылайша үш жаңа курстың әрқайсысын жүргізетін педагогтер тобы алдын ала айқындалған.

Жаңа пәндер туралы ақпарат белгілі болғанымен, әзірге олардың оқу кестесінде нақты қанша сағат оқытылатыны белгісіз. Павлодарлық маманның айтуынша, сағат саны әлі нақтыланбаған.

Бұған дейін факультативтік курстар аптасына бір сағат немесе жарты жылдыққа 0,5 сағат көлемінде ұйымдастырылатын. Алайда биыл енгізілетін жаңа курстардың нақты сағат көлемін қазір айтуға ерте.

Бұл мәселе мұғалімдер үшін де маңызды. Өйткені жаңа курстардың қанша сағат оқытылатыны бекітілгеннен кейін ғана олардың педагогтердің оқу жүктемесіне қалай әсер ететіні белгілі болады.

Оқу жылының басталуына санаулы уақыт қалғанда мұғалімдердің жаңа курстарға дайындығы да өзекті мәселе болып отыр. Маманның айтуынша, жаңа курс енгізілген сайын педагогтерді оқыту қарастырылады. Оқу-ағарту министрлігі жоспарлы түрде мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен қазіргі таңда жаңа курстар бойынша біліктілікті арттырудың нақты мерзімі мен форматына қатысты ақпарат толық белгіленбеген.

Жаңа курстармен бірге биыл оқу жоспарларына қатысты да өзгерістер енгізілген.

Бұған дейін әр мектеп өзінің ерекшелігіне қарай оқу жоспарларының белгілі бір нұсқасын таңдай алатын. Ал биыл білім беру деңгейлері бойынша нақты қосымшалар бекітілген. Яғни биыл мектептердің оқу жоспарын таңдау мүмкіндігі бұрынғыдай кең емес, білім беру деңгейлеріне сәйкес нақты қосымшалар белгіленген.

Өзгеріс жаңа курстармен ғана шектелмейді. 10-11-сыныптарда алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні жаңартылған типтік оқу бағдарламасы бойынша оқытылады.