WorldSkills Shanghai 2026: Павлодарлық студент жүлдеге ие болды

WorldSkills Shanghai 2026: Павлодарлық студент жүлдеге ие болды
Фото: Облыстық білім басқармасынан

Шанхайда өтіп жатқан айтулы додада Павлодар облысының үш өкілі Қазақстан құрамасы сапында кәсіби шеберлігін сынауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жоғары ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Дарья Мельник WorldSkills Shanghai 2026 жұмысшы мамандықтар бойынша әлем чемпионатында Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, «Өнеркәсіптік дизайн» құзыреттілігі бойынша Medallion for Excellence – «Кәсіби шеберлік медаліне» ие болды.

Жоғары бәсекелестік жағдайында Дарья Бразилия, Сауд Арабиясы және Жапония өкілдерімен бақ сынады. Қатысушылар қатарында жетекші оқу орындарының студенттерімен бірге ірі технологиялық компаниялардың мамандары да болды. Мәселен, Жапония атынан әлемге әйгілі Canon корпорациясының инженері қатысты.

Үш күнге созылған байқау барысында қатысушылар квадрокоптердің дизайнын әзірлеудің толық циклінен өтті. Олар алғашқы концептуалдық эскиздерден бастап 3D-модель жасап, 3D-принтер арқылы макет шығарды. Сонымен қатар, презентациялық материалдар мен постерлер әзірледі.

Чемпионат қорытындысы бойынша Дарья Мельник Қазақстан ұлттық құрамасының марапатқа ие болған сегіз өкілінің қатарына енді. Оны әлем чемпионатына Жоғары ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы, халықаралық сарапшы Борис Вячеславович Григорьев дайындады.

– WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатына әлемнің 70-тен астам елінен 1400-ден астам қатысушы жиналды. Байқау 64 құзыреттілік бойынша өтті. Қазақстан құрамасы 31 құзыреттілік бойынша 33 қатысушыдан құралды, - дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Чемпионат қорытындысында Қазақстан ұлттық құрамасы сегіз марапатқа ие болды. Оның біреуі қола, алты кәсіби шеберлік медалі және Best of Nation марапаты.

Айта кетелік, өңірде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен іске асып келе жатқан негізгі бағыттардың бірі. Бұл бағытта колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, өндіріс орындарымен байланыс нығайтылуда. Сонымен қатар, мамандар даярлау жүйесіне халықаралық стандарттар енгізіліп келеді.

«Жас маман» жобасы аясында облыс колледждерінде 10 құзыреттілік орталығы құрылды. Оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыруға 2 миллиард 340 миллион теңге бағытталған.

2024–2026 жылдары әлеуметтік серіктестердің қолдауымен облыстағы төрт колледжде жалпы құны 217 миллион теңгеден асатын заманауи зертханалар мен оқу кабинеттері ашылды.

Өңір колледждерінің халықаралық ынтымақтастығы да кеңейіп келеді. Оқу орындары халықаралық аккредиттеуден өтіп, студенттер, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері шетелдік тағылымдамалар арқылы кәсіби тәжірибесін жетілдіруде.

Шанхайдағы WorldSkills чемпионаты жас мамандарға өз кәсіби шеберлігін әлемдік деңгейде сынауға мүмкіндік берсе, өңірдің білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлау сапасын халықаралық талаптар тұрғысынан бағалауға жол ашып отыр.

Дарья Мельниктің жетістігі – оның кәсіби дайындығы мен тәлімгерлік қолдаудың нәтижесі. Оның WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатындағы марапаты Павлодар облысынан шыққан жас мамандардың халықаралық деңгейдегі кәсіби жарыстарда ел намысын қорғап жүргенін көрсетеді.