Павлодар облысы 1-сыныпқа оқушыларды қабылдау жоспарын толық орындады
Өтінімдер демалыс пен мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден жұмаға дейін қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Оқу ағарту министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар 1-сыныпқа қабылдауға 270 мыңнан астам өтінім берген.
– 1-сыныпқа өтінімдер қабылдау 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады. Бүгінге дейін 275177 өтінім келіп түскен. Бірінші сыныпқа оқушыларды қабылдау бойынша Ақмола, Алматы, Жетісу, Павлодар облыстары 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізген, – деп жазылған хабарламада.
Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін 6 жасқа толатын балалар саны 370 мыңнан асады, осылайша олардың бірінші сыныпқа баруға толық мүмкіндігі бар.
Азаматтарға қолайлы болу үшін қызмет көрсету толығымен автоматтандырылды. Ата-аналар мен балалардың заңды өкілдері өз өтінімдерін еgov.kz электронды порталында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы тапсыра алады. Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.