50 жасында студент атанған павлодарлықтар стереотиптерді қалай бұзады?

50 жасында студент атанған павлодарлықтар стереотиптерді қалай бұзады?
Фото:pixabay.com

@Pavlodarnews.kz тілшісі білім алу үшін жас кедергі емес екенін дәлелдеп көрді.

Жыл сайын бүкіл әлемде 17 қарашада Халықаралық студенттер күні атап өтіледі. Студент деген сөзді естігенде көз алдымызға жолын жаңа ғана бастап жатқан жастарды елестетеміз. Алайда жас студенттер сияқты университет табалдырығын аттап, барлығымен бірдей білім алатын 30, 40, 50, 60 және одан да үлкен ересек азаматтар туралы ұмытпау қажет. Балалы, немерелі атанған адамдардың хикаясы әр түрлі болуы мүмкін. 

Біршама павлодарлық тұрғын білім алу ешқашан да кеш емес деген оймен келіседі. Олардың бірі – Сайлау Хабдуллин. Ол мектепті аяқтағаннан кейін техникумға оқуға түсті. Бірақ жастық шақтың буымен оқуын аяқтаған жоқ.

– Ауылға оралып, үй болып, шаруашылықпен айналыстым. Кейін «Ертіс орманына» өрт сөндіруші болып жұмысқа тұрдым. Бірақ ол жұмыс «маусымдық». Яғни тек алты ай жұмыс істеп, алты ай жұмыссыз, жалақысыз болдым,– деді төрт баланың әкесі Сайлау Хабдуллин.

Кейін кейіпкеріміз орманшы болып жұмыс істеуді ойластыра бастады. Ол әрекет жасап, Павлодар қаласындағы колледжге орманшы мамандығына оқуға түсті. 

– Ол кезде жасым 54-те болды. Үш жыл оқып, 57 жасымда диплом алдым. Бүгінгі күні орманшы қызметінде жұмыс істеймін,– деді Сайлау Хабдуллин.

Сайлау Хабдуллин үлкен жасында білім алған қызық болғанын айтады. 

– Көп жаңашылдықтар болғандықтан қиналдым. Жұбайым – мұғалім. Ол маған компьютер мен жеке кабинет деген нәрселерге үйретті. Бірге сабақ қарайтынбыз,– деді ол. – Осындай жасқа келіп, диплом алып жатқанымды естігендер таң қалып жатты. Бірақ балаларым бірден қолдап, оқуымды еш қиындықсыз аяқтай алдым. Ешқашан білім алу кеш емес екенін түсіндім. Көпшілікке үлгі бола алғаным қуантады.

Ал 32 жыл бұрын медициналық училище аяқтап, орта білім алған Гүлмира Торайғырова зейнет жасына шықпай тұрып жоғары білім алуды мақсат етті. Ол 51 жасында Торайғыров университетінің биология мамандығы бойынша жаратылыстану ғылымдары факультетіне түсіп, білімін шыңдауда.

– Университетке барар алдында ұзақ ойландым. Алайда батылдығым алға басып, оқуға түсемін деген нақты шешімді қабылдадым. Алғашқыда өте қорқынышты болды, себебі компьютерлік бағдарламаларды аса қатты біле бермейтінмін. Жұмыспен қатар оқуды алып жүру өзі бөлек. Кейде уақыт жетпей қалады,– деді Гүлмира Торайғырова.

Екі баланың анасы университет қабырғасындағы алғашқы қоңырауда болған сәтін еске түсіріп, күледі. 

– Барлығымызды аудиторияға кіргізіп, ата-аналарды сыртқа шығып, тоса тұруды сұрады. Мені және тағы үш үлкен жастағы студентті балалардың ата-анасы деп ойлап қалды,– деді Гүлмира Торайғырова.

Оның сөзінше, тобында көбіне колледж бітірген жастар оқиды. 

– Жастар бізге бағдарлама мен сабақ бойынша көмектеседі деп ойлап жүрсек, мүлдем керісінше болып шықты. Біз оларға көбірек кеңес беріп, білмеген нәрселерді түсіндіріп, үйретеміз,– деді ол. 

Гүлмира Торайғырова үйдегі компьютерлік жүйе туралы хабары бар екі баласына алғысын білдіруде. Себебі олардың арқасында әйел жеке кабинетті тез меңгеріп алды. 

Жоғары білім алуға ниеттенген тағы бір павлодарлық студент – Татьяна Шишко. Ол 2002 жылы Павлодар гуманитарлық-педагогикалық колледжін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, сол жылы тұрмыс құрды. Екі бала туып, арада 10 жыл өткеннен кейін Мичурин балабақшасына тәрбиеші болып орналасты. Ол жерде алты жыл жұмыс істеп, қайтадан оқығысы келетінін түсінді.

– Мен 36 жасымда жоғары білім алуға бел будым. Өйткені менің айналамда жоғары білімі бар мамандар жүрді. Басқалардан қай жерім кем деп ойланып қалдым. Ал екінші жағынан жасым келіп қалды, мектеп немесе колледжді жаңа бітірген жастармен қалай білім аламын деп ойладым,– деді Татьяна Шишко. 

Оның айтуынша, анасы мен жолдасы оған қолдауын білдірген соң, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетіне барып, тиісті балл жинап, арнайы педагог-психолог мамандығына сырттай оқуға түсті. Осылайша ол Омбыға 2020 жылға дейін сессия тапсыру үшін барып жүрді. Алайда пандемия басталғаннан кейін онлайн режимде оқуын жалғастырды. 

– Дәл сол жылы мектепке дейінгі оқыту мамандығы бойынша дуалды оқытуға арналған Павлодарлық педагогикалық университетке түстім. Жұмысым бойынша білім алуға мүмкіндік пайда болды. Бір-біріне  ұқсамайтын мамандық бойынша екі дипломдық жұмыс жазу қиынға соқты. Бірақ қиындықтан өткенімді мақтан тұтамын. Сондықтан білім алуға кеш емес деп айта аламын,– деді ол. 

Бүгінде екі жоғары білімі бар Татьяна Шишко Мичурин балабақшасында тәрбиеші және облыстық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету психоневрологиялық орталығында психолог болып жұмыс істейді.