Павлодарлық аурухана дәрігерлері сыйақыны жаңаша алатын болды
Облыстық қоғамдық кеңес төралқасының отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш іс-шарада денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары мен департамент ұсыныстарының орындалу барысы туралы сөз қозғалды.
– Аймақтық ауруханалардың бірі қаржыландыру көлемі бойынша ең үлкен емхана болып есептеледі. Медициналық мекемелердің қызметкерлеріне кредиторлық берешек болмаса, яғни артылған ақша қалса, оның ішінде үнемдеу болса, сыйақы беруге болады, – дейді Павлодар облысы бойынша СЖҚІАД алдын алу басқармасының басшысы Мереке Абдрахманов.
Оның айтуынша, тексеріс нәтижесінде аурухана басшылығы жалақы мөлшеріндегі сыйлықақы алатыны анықталды. Ал қалған ұйым қызметкерлеріне жалақының жиырма бес үлесі ғана төленеді.
– Бұл қарапайым қызметкерлер үшін әділетсіздік деп есептеймін. Сол себепті, бұл сұрақтың шешімін табу керек, – дейді басшы.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының сөзінше, емханалар мен ауруханалардың бас дәрігерлердің жалақысы 800-900 мың теңге болып белгіленген.
Бүгінде өңірімізде отыз бес медициналық ұйым және 16132 дәрігер жұмыс істейді. Сондай-ақ, қаржыландыру жылдан-жылға өсіп келеді. Мәселен, 2020 жылы – 81,5 млрд теңге, 2021 жылы – 100 млрд теңге, 2022 жылы – 90 млрд теңге, 2023 жылы медицина саласына 106 млрд теңге бөлінді.
Айта кетейік, аймақта тоғыз сыбайлас жемқорлық тәуекелдері расталды. Аталмыш мәселені шешу бойынша он бес ұсыныс енгізілді. Оның он төрті жойылды. Енді сыйлықақы туралы ережені әзірлеу және оған өзгерістер енгізуге байланысты жұмыстар жүргізіледі.