Павлодар облысының бас дәрігерлері кәсіби деңгейлерін дәлелдейді

Медициналық ұйымдардың басшылары аттестациядан өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шілде айының басынан бастап облыстағы медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерін жоспарлы аттестациялау бастау алып, ол мультидисциплинарлық комиссия құрамында өтуде. Комиссия құрамына медициналық қызметтердің сапасын бақылау комитетінің өңірлік департаменттері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы, Семей медицина университеті, кәсіподақтар, медициналық қауымдастық өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары және басқарманың бейінді мамандары кіреді.
Аттестация екі кезеңнен тұрады. Тестілеу кезеңінде денсаулық сақтау саласына қатысты заңнама мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша білімі тексеріледі. Екінші кезеңде комиссиямен сұхбат және ұйым қызметі бойынша есепті таныстыру керек.
– Комиссия шешімімен егер нәтиже оң болса, басшының еңбек шарты үш жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Ал қанағаттанарлықсыз болған жағдайда алты айдан кейін қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Қайта аттестациядан өте алмаса, лауазымға сәйкестік мәселесі қаралады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасында.
Сонымен қатар, бас дәрігердің тәртіптік жазалары, тұрғындардың шағымдары және жеке КРІ көрсеткіштері де бағалау кезінде ескеріледі.
Аттестация тамыз айының соңына дейін жалғасады. Бұл шараның басты мақсаты – басшылардың жауапкершілігін арттыру, басқару сапасын жақсарту және денсаулық сақтау саласында тиімді көшбасшылықты дамыту.