Павлодарда қызылшамен ауырған сәбидің анасы қызының қолы үшін алаңдаулы

Павлодарда қызылшамен ауырған сәбидің анасы қызының қолы үшін алаңдаулы
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Баланың жасы бірге толмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сәбидің анасы әлеуметтік желіде жұқпалы аурулар ауруханасына «бронхит» диагнозымен түскен нәресте қызылша жұқтырғанын жазған. Айтуынша, баланың қолына катетер қойылған соң бірнеше күн бойы қызы жылап, мазасызданған. Ол катетерді алып тастауды сұрағанда сәбидің қолынан қатты іріңнің иісі шығып тұрған.  Әйел адам сәбиі қолынан айырылып қала ма деп алаңдаулы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында баланы хирург тексергенін хабарлады. 

– Жедел хирургиялық патология туралы мәліметтер жоқ. Катетерді лейкопластырьмен жабыстырғанда мұндай реакцияның болуы жоққа шығарылмайды. Компресс түрінде ем тағайындалды, – деді басқармада. 

Сондай-ақ ведомствода қызылша кезінде тері мен шырышты қабықтың зақымдалуы сияқты белгілер болатынын айтады.  Сәбидің анасымен әңгіме жүргізіліп, түсініктемелер берілген, қосымша талдаулар тағайындалған.  

Баланың жағдайы бақылауға алынған.