Павлодар хосписінің бір күндік тыныс-тіршілігі қандай?

Павлодар хосписінің бір күндік тыныс-тіршілігі қандай?
Фото: ӨКҚ

Паллиативтік көмектің басты мақсаты – науқасты жалғыз қалдырмай, ауруының ауыр кезеңінде қажетті медициналық көмекті қамтамасыз ету, ауырсынуын жеңілдету және өмір сапасын барынша жақсарту, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында осындай көмекті хоспис бөлімі көрсетеді. Мұнда науқастар стационарда ем қабылдап қана қоймай, үй жағдайында да медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек ала алады.

Хоспис және паллиативтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Елнұр Рахымжановтың айтуынша, мекеме 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 

Биылғы тоғыз айда 870-ке жуық науқасқа көмек көрсетіліп, мобильді бригадалар үй жағдайында 1500-ден астам рет қызмет көрсеткен.

Қазіргі уақытта хоспистің екі бөлімшесі бар. Ломов көшесі, 49/6 мекенжайындағы ғимарат онкологиялық науқастарға арналған. Мұнда 30 төсек-орын қарастырылған. Ал Хромзавод аумағындағы 4-өткел, 7/1 ғимаратында онкологиялық емес, яғни соматикалық ауруларға шалдыққан пациенттер ем қабылдайды. Бұл бөлімшеде 53 төсек-орындық стационар жұмыс істейді. Мұнда жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырлары, асқазан-ішек жолдары ауруларына шалдыққан, сондай-ақ жарақаттан кейін тұрақты күтім мен медициналық бақылауды қажет ететін науқастарға көмек көрсетіледі.

–  Пациенттерге кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі аясында қызмет көрсетіледі. Стационарға жатқызу тіркелген емхананың жолдамасы арқылы жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Науқастың емдеу мекемесінде болу ұзақтығы денсаулық жағдайына байланысты белгіленеді. Орта есеппен бұл мерзім 15 күннен бір айға дейін созылады, – деді Елнұр Рахымжанов. 

Науқастарға медициналық көмекті дәрігерлермен қатар психологтар мен әлеуметтік сала мамандары да көрсетеді. Бөлімде төрт дәрігер-терапевт, психолог, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, шамамен 18 орта буын медицина қызметкері және кіші медициналық персонал еңбек етеді. Мамандар науқастардың денсаулығын бақылаумен қатар, олардың психологиялық жай-күйі мен әлеуметтік қажеттіліктеріне де назар аударады.

Хоспистің маңызды бағыттарының бірі – үй жағдайында көрсетілетін паллиативтік көмек. Қазіргі уақытта мобильді бригада онкологиялық аурудың төртінші клиникалық тобына жататын пациенттерге қызмет көрсетеді. Бригада құрамында дәрігер мен мейіргер бар. Олар дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді.

– Мобильді қызметке жүгіну тәртібі де жолға қойылған. Онкологиялық диспансерде есепте тұрған пациенттерге үй жағдайында симптоматикалық ем мен медициналық көмек алу мүмкіндігі түсіндіріледі. Науқас немесе оның туыстары хоспистің тіркеу бөліміне хабарласады. Өтініш тіркелгеннен кейін мобильді бригада кезектілік тәртібімен науқастың үйіне барады, – деді бөлім меңгерушісі. 

Мамандар медициналық көмек көрсетумен шектелмейді. Олар пациенттер мен олардың туыстарына психологиялық қолдау білдіріп, әлеуметтік мәселелерді шешуге де көмектеседі. Атап айтқанда, жәрдемақы рәсімдеу, мүгедектік тобын алу және медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметтерін пайдалану тәртібі бойынша кеңес береді.

– Біз көбінесе өздігінен қозғала алмайтын, жағдайы ауыр онкологиялық науқастарға барамыз. Үйде ауырсынуды басатын дәрілердің тиімді сызбасын таңдауға, ағзаның уыттану белгілерін жеңілдетуге, қан кетуді тоқтатуға, таңу жұмыстарын жүргізуге және катетерлерді ауыстыруға көмектесеміз. Науқастың жағдайын үнемі бақылап, оның үйде емделуін жалғастыра алу мүмкіндігін бағалаймыз, – дейді хоспистің мобильді қызметінің дәрігері Елена Сарычева. 

Егер науқастың жағдайы үй жағдайында бақылауға келмесе, мамандар оны стационарға жатқызу мәселесін қарастырады. Бұл ретте пациенттің жеке қалауы да ескеріледі. Тіпті ауруханаға жатудан бас тартқан жағдайда да мобильді бригада науқасты назардан тыс қалдырмайды. Дәрігерлер мен мамандар туыстарымен байланыста болып, қажет кезде көмек көрсетуге дайын.

Мобильді бригада бір күнде орта есеппен 10-13 науқастың үйіне барады. Алайда әр пациентке жұмсалатын уақыт оның жағдайына байланысты әртүрлі. Кейбіріне 15 минут жеткілікті болса, енді біріне бір сағатқа дейін уақыт бөлінеді. Жаңа тіркелген науқастарға да ерекше көңіл бөлінеді.

Елена Сарычеваның мәліметінше, жыл басынан бері мобильді қызмет шамамен 100-150 науқасқа көмек көрсеткен. Жалпы бір жылда көмек алатын пациенттер саны 200-ге жуықтайды. Жыл сайын мобильді көмекке мұқтаж адамдардың саны шамамен 10 пайызға артып келеді.

Бұдан бөлек, бөлімшеде шетелдік тәжірибеге негізделген постуралдық менеджмент әдісі енгізілуде. Бұл әдіс қозғалысы шектелген және өздігінен қозғала алмайтын науқастарға күтім жасауда маңызды. Оның көмегімен пациенттің денесін дұрыс қалыпта орналастырып, ойылудың және гипостатикалық пневмонияның алдын алуға мүмкіндік бар.

Алдағы жоспарлардың қатарында портативті ультрадыбыстық зерттеу аппаратын сатып алу да бар. Өйткені паллиативтік көмек алатын науқастардың бірқатарына осындай тексерулер қажет. Ал өзекті мәселелердің бірі – мобильді қызмет пайдаланатын автокөліктің тозуы. Бұл мәселені шешу үшін тиісті өтінімдер берілген.

Хосписте ем қабылдайтын науқастардың жас ерекшелігі де әртүрлі. Егер бұрын мұнда негізінен 70-80 жастағы адамдар емделсе, бүгінде 40-50 жастағы пациенттер де кездеседі. Биыл бөлімшеде ем қабылдаған ең жас науқас небәрі 19 жаста болған.

Хосписте ем қабылдап жатқан 69 жастағы Шарбақты ауданының тұрғыны, колледж оқытушысы Пётр Вдовенко медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

– Мен мұнда алғаш рет келіп, екі аптадан бері ем қабылдап жатырмын. Бұған дейін химиотерапиядан өттім. Бастапқыда хосписке келуге қорқынышпен, күмәнмен қарадым. Алайда мұнда келгеннен кейін пікірім мүлдем өзгерді. Ұжымдағы әрбір маман өз ісінің кәсіби шебері екеніне көзім жетті. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін, ұйқым қалыпқа келді, тәбетім ашылды. Ертең үйге қайтамын. Осындай қамқорлық пен білікті медициналық көмек көрсеткен барша ұжымға шын жүректен алғыс айтамын, – дейді Пётр Вдовенко.

Айта кетелік, мекеме Павлодар облысының барлық аудандарының тұрғындарына көмек көрсетеді. Сондай-ақ, еліміздің басқа өңірлерінен келетін емделушілерді де қабылдайды.