Павлодарлық Аймауытов театрында жаңа маусым премьераларға толы болмақ
Кезекті 35-ші жаңа маусым Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымымен басталды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі Әділет Ақановтың айтуынша, алдағы қазан айында әлемге белгілі драматург Уильям Шекспирдің шығармасына негізделген «Ричард ІІІ» туындысы көрермендерге жол тартпақ. Туындынының суретшісі әрі режиссері – Ресей қаласынан келген суретші Сергей Левицкий.
– Осы маусымда «Ұждан» қойылымымен бастауды жөн көрдік. Өйткені, эксперименттік бағыттағы спектакль аз уақыттың ішінде көптің ыстық ықыласына бөленді. Келесі айларда осы қойылыммен төрт бірдей театр фестиваліне қатысып, бағымызды сынаймыз. Екеуі – халықаралық, екеуі республикалық деңгейде өтеді. Әртістер кезекті маусымға сақадай сай. Театрымызда еңбек еткен үш әртісіміз отбасылық жағдайларға байланысты жұмыс орнын Алматы қаласына ауыстырса, сегіз жас маман әріптестеріміздің қатарына қосылды. Оның үшеуі осы қойылымда алғашқы дебютін бастады, – дейді Әділет Ақанов.
Көрермен Айсұлу Жарылқасын театрдың жаңа маусымын асыға күткенін айтады.
– Өткен маусымда «Ұждан» қойылымына келе алмаған едім. Енді көруге мүмкіндік туды. Туынды көңілден шықты. Жыладық та, күлдік те. Бастысы, әртістер спектакльдің мәнін, маңызын жеткізе алды. Осындай қойылымдар жиі қойылса деймін, – дейді қала тұрғыны.
Айта кетерлігі, жаңа маусым премьераларға толы болмақ. Осы жылы У.Шекспирдің шығармасынан бөлек, қараша айында жазушы Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» шығармасы қойылады. Режиссері – Жангелді Садық. Ал желтоқсан айында өнер ұжымы кішкентай көрермендерді қуантпақ. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бүлдіршіндерге ертегі ұсынылады. Бұдан бөлек, келесі жылға да жаңа туындылар жоспарланбақ.
Айдана Боранбаева