ТОП-5: Павлодар облысы қарақұмық, май, сүт, сүзбе арзан өңірлер қатарында

ТОП-5: Павлодар облысы қарақұмық, май, сүт, сүзбе арзан өңірлер қатарында
Фото: Константин Шелков

Бұл – соңғы аптада жасалған статистика қорытындысы, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.  

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында  облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Сағыныш  Нұркимбаев мәлім етті. 

– Соңғы аптаның статистикасы бойынша біздің облыс қарақұмық жармасы, май, сүт, сүзбе, картоп, сәбіз өнімдерінің ең төмен бағасы байқалған ТОП-5 өңірге кірді, – деді Сағыныш  Нұркимбаев.

Бүгінде тұрақтандыру қорының өнімдері облыстың 255 сауда нүктесінде 10%-дық келісілген сауда үстемесімен сатылады.

– Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында жалпы сомасы үш миллиард теңгеге алынған 15,6 мың тонна өнім сақтаулы. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар 12 түрлі азық-түлік бар. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бес түрі – ұн, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері және қант арзандатылған бағамен саудалануда, – деді  «Павлодар ӘКК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бек Оразгулов.

Оның сөзінше, жыл басынан бері жалпы сомасы 256,7 млн теңге болатын 1 466 тонна өнім сатылды. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаевтың айтуынша, өңіріміз  дәстүрлі түрде өзге өңірлерден әкелінетін күріш, қант, тұзды есепке алмағанда негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтылған. 

– Қаңтар-шілде айлары аралығында өндірілген азық-түлік өнімдерінің көлемі 87,9 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде азық-түліктің тоғыз түрі – картоп, сәбіз,  қарақұмық жармасы, макарон өнімдері, бидай ұны, сиыр еті, жұмыртқа,  айран,  нан бойынша қамтамасыз етілу 100%-дан асады, – деді  Төлеген Көшербаев.

Спикердің мәліметінше, өңірде май бойынша бір жылдағы қажеттілік 10 мың тоннаны құрайды, ал 27 мың тонна алынады, картоп  бойынша – 75,5 мың тонна, яғни 9,5 есе қамтамасыз етіледі, сәбіздің қажеттілігі 10 есеге жабылады.