Павлодарлықтар «Жүз жылдық махаббаттың» куәсі болды
Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка драма театрында Д. Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» атты спектаклі сахналанды, деп хабарлайды @pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш қойылымда алаш арысы, ақын Мағжан Жұмабаевтың тар қапастағы өмірі, әділетсіздік пен көреалмаушылық туралы оқиға желісі баяндалады.
– Түркі әлемі мен махаббаттың, отаншылдықтың жыршысына айналған Мағжан Жұмабаевтың азапты өмірі мен шығармашылығы, репрессия құрбаны ретіндегі тұлғасы барша қазаққа аян. Драматург Дулат Исабеков «Жүз жылдық махаббат» атты туындысында кешегі мен бүгіннің көзқарасы тұрғысынан ақынның жары, жүз жылдық азап арқалаған Зылиханың Мағжанмен өткен және Мағжансыз өткен өмірі, екеуінің ешкімге ұқсамайтын махаббаты мен жан азаптары жайында сөз қозғайды, – дейді Мағжанның рөлін сомдаған М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының актері Алмас Шаяхмет.
Автор пьесасында заманының құрбанына айналған Мағжан мен Зылиханың шуақты күнінен гөрі қара бұлты сейілмеген жылдарын көрсете отырып, репрессияның нәтижесін емес, сол репрессияға жеткізген қазағын, қазақтың «зиялы қауым» өкілдерінің сатқындығын сынға алады, өткен күннің ащы шындығын алғаш рет бетке баса айтады.
Алдағы уақытта, ұлттық театрдың келесі гастрольдік сапары 15-19 мамыр аралығында Өскемен қаласында жалғасын табады.