Павлодарлық оқушылар Республика күнін шығармашылық концертпен атап өтті

Павлодарлық оқушылар Республика күнін шығармашылық концертпен атап өтті
Фото: М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайы

Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы мерекелік кештің негізгі тақырыбына айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында Республика күніне арналған «Менің Республикам – менің болашағым!» атты концерт өтті. Жас өнерпаздар «Ұрпақтар сабақтастығы: тамырдан шексіздікке» тұжырымдамасы арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік пен ата-баба мұрасына құрметтің мәнін сахнада бейнеледі.

Үш бөлімнен тұратын бағдарлама «Тамыр мен тек», «Саналы отансүйгіштік» және «Отанға деген шексіз сүйіспеншілік» тақырыптарын қамтыды. Өнерпаздар отбасы құндылықтары, Жеті ата дәстүрі, адал еңбек пен ел болашағы үшін жауапкершілік туралы ой қозғады.

- Кеште Оқушылар сарайының вокалдық, хореографиялық және музыкалық ұжымдары өнер көрсетті. Сахнаға «Тұмар», «Жұлдыздар», «Жас дәурен», «Арман-шоу», «Жаңа Star» студиялары, «Вдохновение» және «Тип-топ» би ансамбльдері, «Мұрагер» домбыра студиясы, «Грув» гитара клубы, «Свет звезды» ән-театр ұжымының тәрбиеленушілері шықты, - деп хабарлады оқушылар сарайының мамандары.

Концертте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Көрермендерге «Халықтың жаны» биі ерекше әсер сыйлады. Ал «Мұрагер» домбыра студиясы мен «Грув» гитара клубының бірлесіп орындаған «Адай» күйі ұлттық музыканың қуатын көрсетті.

Концерттің негізгі ойы – Отанға деген сүйіспеншілік өз тамырыңды танудан, отбасы мен ұлттық құндылықтарды құрметтеу.