Павлодарлық айтыскердің жаңа кітабының тұсауы кесілді
Кеш барысында эстрада жұлдыздары өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында айтыскер, ақын, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатайдың «Баян. Мен. Таулар» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Кеш шымылдығы «Ұлылар ұлағатын ұлықтау» қойылымымен ашылды. Ақын Бұқар жырау Қалқаманұлына, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған өлеңдерін оқыды.
Көріністен кейін кітаптың тұсауы кесілді. Бұл мәртебелі міндетті ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы мен Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, кітап кейіпкерлерінің бірі – Мұрат Рахметов атқарды.
Көрермендер алдында белгілі әншілер Тоқтар Серік пен Еркін Нұржан өнер көрсетсе, қарағандылық ақын Дидар Қами кеш иесімен сөз сайыстырды.
Айта кету керек, бұл кітаптың ерекшелігі – суреттер. Кітап жаңа форматта, заманауи стильде жасалып шықты. Кітаптағы жазылған тұлғалардың өмірі ақынның өлеңімен бейнеленген. Кітапта 150-ге жуық тұлғаға арналған өлеңдер жазылған.