Париж лебі Павлодарда: жас суретшінің алғашқы көрмесі ашылды

Париж лебі Павлодарда: жас суретшінің алғашқы көрмесі ашылды
Фото: автор

Алғашқы көрермендерге суретші өзі экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Автор көрменің тақырыбы ретінде «Табиғат – Адам. Париж – Павлодар» атауын алды. Оның сөзінше, өмірдегі екі маңызды байланыс  – ол табиғат пен адам. 

– Бұл жерде сіздер табиғатпен адамның арасындағы симбиозды байқайсыздар. Бір жағынан адамдар қоғамға жылулықпен махаббатты сыйлап жатса, өзге жақтан табиғаттың адамзатпен байланысын бояулар арқылы көруге болады, – дейді суретші Аннабель Нойфельд.

Көрермендерге ұсынылған жұмыстардан автордың ішкі трансформациясын байқауға болады. Оған дәлел ретінде суретшінің нобай техникасында орындалған белгісіз жандардың портреттерін алуға болады. 

– Мен адамдардың көзіне қараудан, олармен байланыс орнатудан қорықпау керектігін түсіндім. Бұған дейін мен ұяң болғам. Осы портреттер арқылы бойымдағы бұл қасиетімнен арылдым, – деп бөлісті көрме авторы.

Жобаны дайындау да жас суретшіге үлкен тәжірибе сыйлады. Инсталляцияларды орнату, картиналардың өлшемдерін оңтайландыру оның бойында жігерлік пен табандылық рухын шыңдады.

Аннабель Нойфельд ата-анасына қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреді. Көбі суретші мамандығы нақты жарқын болашаққа кепілдік бермейді деп санаса, олар оған Парижде ақылы негізде оқуға мүмкіндік сыйлады. Қазір ол Paris College of Art колледжінде «Fine Arts» мамандығы бойынша оқиды.

– Оқуымды тоқтатқым келмейді. «Өмір бойы оқы» деген қағиданы қолдаймын. Парижде білім алып, шебер дәрежесін алуды жоспарлап отырмын, – деді ол.

Аннабель Павлодарға деген сүйіспеншілігін де атап өтті. Өйткені ол жастайынан осында өсті. Бұл жерде сурет мектебін бітірді. Павлодар оған тұлға және суретші ретінде қалыптасуына көмектесті.

– Мен Павлодарды да, Парижді де сүйемін. Әрине, қалалардың ырғағы әр түрлі. Париж маған бунтарлық рух сыйлады, ал Павлодар – тыныштық пен табиғатпен үндестік сыйлайды, – деді жас өнерпаз.

Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет мұражай мамандары жас суретшінің алғашқы көрмесі туған жерінде өтіп жатқанына қуанышты және келесі көрмені Парижде өткізеді деп үміт артып отыр.

– Бізге Аннабель өз жұмыстарын ұсынды. Көрме өткізуге жеткілікті болды. Біз ұлттық мәдениет орталықтарымен бірігіп, осы көрсетілімді ұйымдастыруды ұйғардық, – деді көрме жетекшісі Ольга Пашко.

Музей қызметкерінің сөзінше, Аннабель әлі де өз стилін іздеуде. Оның шығармаларында жастық жалын сезіледі, ол шығармашылыққа ерекше рең беріп тұр.

– Заманауи өнер құпиялығымен ерекше. Оның базалық білімі бар. Сонымен қатар, қиял негізінде жасалған жұмыстар да кездеседі. Бүгін біз осы үйлесімді көрсеткіміз келеді, – дейді көрме жетекшісі.

Тұсаукесер рәсімінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлтаралық қатынастар бойынша бөлім басшысы Қымбат Досжанова бұл көрме сондай-ақ неміс «Возрождение» қоғамының 35 жылдығына арналғанын да атап өтті.

– Осындай жарқын жас таланттардың туған өңірімізде қолдау табуы бізді қатты қуантады, – деді Қымбат Досжанова.

Алдағы уақытта музей қорындағы неміс суретшілерінің  жұмыстары, одан кейін армян шеберлерінің шығармалары, ал жыл соңында татар суретшілеріне арналған экспозиция ұсынылады. Жалпы, 2025 жылы музей әртүрлі ұлттардың өнерін таныстыратын бес көрмені өткізеді.

Автор сондай-ақ оның өнерін бағалайтындармен бірнеше кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Павлодарлықтар Аннабельдің жұмыстарын 14 тамызға дейін тамашалай алады.

Ислам Достов