Кәсіптен рекордтарға дейін: Павлодар облысында сырмақ сыру өнері жаңғыруда

Ертіс өңірінің үздік сырмақшылары шығармашылық байқауда бақ сынады. Қолөнер шеберлерінің қатарында есімі Қазақстанның рекордтар кітабына енген қатысушылар да бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іріктеу турына қатысқан 30 үміткердің оны ғана «Сырмақ Time» облыстық байқауының ақтық кезеңіне жолдама алды.
Шараның ұйымдастырушысы, «Шабыт» қолданбалы өнер орталығының жетекшісі Уәсиля Нұрмұхамбетованың айтуынша, конкурс қазақтың сырмақ сыру өнерін жаңғыртып, бұл бағытта кәсіпке айналдыруға оң септігін тигізуді көздейді.
— «Сырмак Time» байқауын ұйымдастыру идеясы бір жыл бұрын пайда болды. Кейін қолдау тауып, арманымыз орындалды. Біздің шеберлер бұған дейін киіз кілем жасаумен үй жағдайында айналысты. Ал бүгінгі күні ата кәсіптің аясы кеңейіп, сырмақ сырудың бірегей техникасын сақтауға және келер ұрпақтың игілігіне беруге атсалысуда, — дейді Уәсиля Нұрмұхамбетова.
Қатысушылардың ең жасы 30-дағы келіншек болса, ең ересегі — 75 жастағы әжей.
Павлодар ауданы Мичурино ауылынан келген Күріш Қани бұған дейін осы тектес шығармашылық байқауларға қатысып келген. Сондықтан, әжейдің бойында қобалжу жоқ. Ол өткен жылы «Көшпенділер ойынында» 450 шебермен бірге құрақ көрпе тігіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген.
— Бес жасымда анамнан ұршық иіруді үйрене бастадым. Сырмақ сыруға деген сүйіспеншілігім де ерте оянды. Мына бұйымды бір айдай дайындап жатырмын. Сырмағым басқалардан ерекше болсын деп жарқын жасыл және қызыл түстерді таңдадым. Шетін әдемі жіптермен әшекейледім. Ою ретінде кең тараған қошқар мүйіз стиліндегі өрнектің сәті түсті. Шағын кілем тігу шығармашылықпен шектелмейді, ол — төзімділік пен ыждахаттылықты талап ететін іс, — дейді әжей.
Шебер ұлттық өнер қарт адамды да шабыттандырып, шығармашылықпен айналысуға жетелейтініне сенімді.
Ұйымдастырушылар қолөнершілерді сырмаққа қажет негізгі шикізат — жүнді арнайы тапсырыспен Қырғызстаннан әкелген. Себебі, байқаудың баста шарттары ретінде бұйымның табиғи материалдардан жасалауы ескеріледі.
Айта кетейік, облыстық байқау жеңімпаздарының қолөнер бұйымдары Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорына табыс етіліп, рухани азық ордасының төрінен орын алмақ.