Ақтоғай ауданында Бәкібай Рамазановты еске алды
Марқұмның 75 жылдығына орай «Өнегелі ғұмыр» атты еске алу кеші орталық кітапханада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бәкібай Рамазанов Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бар саналы ғұмырын туған жеріне адал қызмет етуге арнаған. Марқұмды еске алып, есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолын насихаттау мақсатында өткен кеште оның қызметтегі әріптестері сөз сөйлеп, ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті.
– Бәкібай Рамазанов ізденімпаз, тынымсыз еңбегінің арқасында мәдениет саласының өркендеуіне мол үлесін қосты. 1996 жылдың соңына қарай мәдениет саласында да жекешелендіру, оңтайландыру, жабу, сату басталып, ауданымыздағы 41 кітапхананың 20-сы ресми түрде жабылып, тағы да бірқатар кітапханаларды жабуға бел буған кезеңдер еді. Сол қиын-қыстау кезеңдерде қалған кітапханаларды жаппай, сақтап қалып, ағамыздың мәдениетке деген жанашырлығы еш кеткен жоқ, – деп еске алды Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова.
Бәкібай Рамазанұлы 1949 жылдың 9 қаңтарында Павлодар облысы Куйбышев ауданының (қазіргі Ақтоғай) Жаңа-Аттаныс ауылында дүниеге келген. 45 жылдан аса енбек жолын бір ауданға арнаған. 1966 жылы Куйбышев орта мектебін ойдағыдай бітіріп, еңбек жолын автобазада бастайды. Аудандық газеттер редакциясында радиохабар ұйымдастырушы, редакцияның жауапты хатшысы, партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінде нұсқаушы қызметін атқарды. Сонан соң бірқатар қызметте еңбек жолын жалғастырып, 1992 жылы аудан әкімшілігі басшысының мәдениет бөлімінің менгерушісі, бес жыл Ақтоғай ауданы әкімінің ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды, аудан әкімінің ішкі саясат бөліміне басшылық жасады. 2003 жылы аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланып, тексеру комиссиясының төрағасы болған.
Аудандық «Ауыл тынысы», «Пульс села» газетінің бас редакторы, 2008 жылдың сәуірінен бастап Ақтоғай ауданы әкімі аппаратында аудан әкімінің кеңесшісі, кұжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, 2012 жылдың қаңтарында осы ауданнан құрметті зейнеткерлікке шықты.
Журналистік жоғары білімі бар. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен және «Павлодар облысына 75 жыл медалімен, сонымен қатар, көптеген түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Мәдениет саласының дамуына үлес қосқан азаматтың атсалысуымен мәдениет ошақтары жоқ елді мекендер мен ферма орталықтарына жылжымайтын кітапхана ұйымдастырылып, мәдени қызмет көрсетіле бастаған.
– Мәдениет бөлімінің басшысы ретінде де ағамыз ұқыптылықты, жауапкершілікті қатаң талап етіп, ең бастысы – әр адамға қабілетіне қарай тапсырма беріп, тіл табыса білді. 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылы бірнеше кітапханалар қайта жанданып, іске қосылды. Ауыр кезендерді бастан кешірген мәдениет саласы өркендеп, жетіле бастады. Қазіргі кезде Ақтоғай орталық кітапхана ғимараты аудан орталығындағы мақтанарлық денгейде екеніне баршаның көзі жетіп отыр, – деді редакция ұжымында көп жылдар еңбек еткен, Бәкібай Рамазанұлының көзін көріп, тәлім алған Бакизат Қаракерейқызы.
Марқұмның ұрпақтары іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған М.Қайырбаев атындағы орта мектепке және Ақтоғай орталық кітапхана ұжымына алғыс білдірді.