Павлодарлық бизнеске отандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімі таныстырылды

Павлодарлық бизнеске отандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімі таныстырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа тізілім бұрынғы сертификаттар кезінде туындаған өндірісті растау мәселелерін шешуге бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

19 қарашада ҚР Индустрия және құрылыс министрлігі Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық палатасының қолдауымен еліміздің барлық өңіріндегі бизнес өкілдеріне отандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімін бейнебайланыс арқылы таныстырды. 

Осыған орай, «Атамекен» Павлодар облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өз конференц-залына павлодарлық тауар өндірушілерді, соның ішінде ӨКП-ге тауардың шығу тегі туралы сертификат алу үшін үнемі жүгінетін кәсіпкерлерді шақырды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында 2025 жылдың мамыр айында қол қойылған заң туралы еске салынды. Онда қазіргі қолданылып жүрген индустриялық және СТ-KZ сертификаттарының қисынды жалғасына айналатын құрал – Қазақстанның тауар өндірушілер тізілімі анықталған болатын. 

Тізілім цифрлық форматта болады. Сонымен қатар, скоринг жүйесі енгізіледі. Бұл бизнес субъектісінің қаржылық тұрақтылығын бағалау жүйесі. Осы арқылы компаниялардың қызметіне тоқсан сайын мониторинг жүргізу жоспарлануда, – деп атап өтті облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов Индустрия және құрылыс министрлігінің өкіліне сілтеме жасай отырып.

Бұрынғы индустриялық сертификат компанияда өндірістің бар екенін растайтын және кәсіпкердің өзі берген деректер негізінде рәсімделетін. 

– Алайда кей жағдайларда кәсіпорынның қызметіне немесе өнім өндіруін растауға қатысты сұрақтар туындайтын. Осы себепті мемлекет отандық тауар өндірушілермен жұмысты жетілдіруді тапсырды. Сол үшін жаңа тізілім құрылды. Жиында бұл тізілім – уақыт өте жаңарып, жетілдірілетін «тірі механизм» екені айтылды, – делінген хабарламада.

Тізілімді желтоқсан айына дейін толықтыру қажет. Бұл бағытта Кәсіпкерлер палатасының, бизнестің, салалық қауымдастықтардың белсенді қатысуы маңызды. Тізілімге дер кезінде кірген жағдайда, қазақстандық тауар өндірушілердің толыққанды дерекқоры қалыптасады. Кездесу соңында павлодарлық кәсіпкерлер жаңа тізілімге қосылу, оған қойылатын талаптар және оларды толғандыратын басқа да мәселелер бойынша сұрақтарын қоя алды.