Успен ауданында бассейннің құрылысы басталды

Аталмыш нысан тұрғындардың өтініші бойынша салынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әсел Бижанова жалпы құны 565,9 миллион теңгені құрайтын бассейн құрылысының басталғанын мәлім етті.
– Жоба «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Мердігер – «ГСУ Құрылыс» ЖШС, – деді Әсел Бижанова.
Оның айтуынша, құрылыс алаңында қоршаулар орнатылып, аумақ тазартылып, болашақ бассейннің құрылысы үшін шұңқыр қазылған, бүгінде алғашқы жұмыстар басталды.
Жоба типтік жобалық құжаттамаға сәйкес әзірленді. Жобаға жергілікті жағдайларды ескере отырып, абаттандыру элементтері (қоршау, жарықтандыру) қосылды, сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым – модульдік қазандық, электр және сумен жабдықтау, сыртқы желілер секілді өзгертулер енгізілді.
– Ғимараттың жалпы ауданы – 725,1 шаршы метр, су құйылатын ыдыстың ауданы – 175 шаршы метр (25х7 метр), бассейннің тереңдігі – 1,4 метрден 2 метрге дейін, – дейді ол.
Нысанда оннан астам қызметкер жұмыс істейді, күніне 24 адамға қызмет көрсете алады. Жоба екі жылға есептелген, бірақ мердігер барлық құрылыс жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлауда.
Еске сала кетейік, Ертіс пен Көктөбеде де бассейн құрылысы жүргізілуде. Үш ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы құны екі миллиард теңгеге жуық. Бүгінде Шарбақты ауданы мен Солнечный кентінде ғана бассейн бар. Железиндегі бассейн құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге конкурс жарияланған.