Динозавр мен аттракцион: Екібастұздық кәсіпкер балаларды робот әлемімен таныстырмақ

Динозавр мен аттракцион: Екібастұздық кәсіпкер балаларды робот әлемімен таныстырмақ
Фото:pixabay.com

Әсел Смағұлова Солнечный кентінде робототехника клубын ашуға ниетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ол өз ісін ашуға бес миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант иегері атанған. Бұл қаржыға Екібастұз қаласының Солнечный кентінде «RoboJunior» робототехника бойынша клуб ашуды жоспарлап отыр. 

– Грантты ұтып алған кезде қуанышымда шек болмады. Енді арманым орындалатын болады, – дейді Әсел Смағұлова. – Робототехника – келешекке жасалатын қадам, сондықтан да қаламызды дамыту мақсатында Солнечный кентінде робототехника бойынша клуб ашқым келді. 

Оның сөзінше, Екібастұзда мұндай бір-ақ клуб бар. Ал Солнечный кентінде екі мектеп пен бір балабақша жұмыс істейді. Оған шамамен мыңға жуық бала барады. Кәсіпкер оның ішінен 80 баланы өз клубына тартуды көздеп отыр.  

– Мен бұрындары робототехника бойынша сабақ беретінмін, ал енді өз клубым пайда болады. Тәжірибеме сүйенетін болсақ, балалар роботтармен жұмыс жасауды жақсы көреді. Тіпті, төрт жастағы балалар тез меңгеріп, ұғынып алады. Кейде ересек адамның қолына келе бермейтін нәрсені кішкентай балалар еш қиындықсыз алып кетеді, – дейді кәсіпкер. 

Робототехника курсындағы сабақтардың ұйымдастыру принципі бірнеше сатыдан тұрады: роботты жобалау, бағдарламалау, схематехника, мехнизмдермен жұмыс  және оны іске қосу.

– Ең біріншіден біз балалармен бірге нұсқаулық бойынша жұмыс істейміз. Себебі, роботты жасау оңай іс емес екенін білу керек. Одан кейін роботтарды құра бастаймыз. Соңында оларды бағдарлама қойып, іске қосамыз, – деді Әсел Смағұлова. –  Қолына легоны алмаған балалар да көп кездеседі. Оларға барлығын түсіндіріп, үйретеміз.

Әсел Смағұлова робототехника клубында бекітілген жоспар бойынша қатаң  сабақтар  түрінде болмайтынын атап өтті. 

– Әрине балалардың қиялына ерік береміз. Олардың қалаған ойларын іске асыруға көмектесеміз. Бұл бірнеше айдан кейін бүкіл процесске бейімделгеннен кейін аптасына бір рет олар қалаған роботтарды жасатуға мүмкіндік беріледі. Балалар көбінесе техника, динозаврлар, жануарлар, аттракциондардың түпнұсқасын жасағанды ұнатады, – деп бөлісті спикер. 

Топта төрт балаға дейін қабылдайды. Себебі оқытушылар әр баланың  көңілін тауып, жеке жақындап, жұмыс істейді. 

– Робототехника бұл – негізі ойын. Оның нәтижесінде кішкентай бүлдіршіндер ғылымға жақындап, жаңа технологиямен танысады, – деді кәсіпкер. 

Оның айтуынша, «RoboJunior» клубында төрт жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Әзірге клубты ашатын орын қарастырып отыр.

Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысында мемелекеттік грантқа 132 өтінім түскен. Оның ішінде 17 жеңімпаз анықталды. Енді олар ұтып алған гранттарына өз бизнестерін ашатын болады.