Павлодарлық бизнесмен грант қаражатын «жерге көмеді»
Жас кәсіпкер бизнес-жобалар конкурсында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Tamyr Company ЖК өкілі Дархан Апиисов жеміс-көкөніс өсірумен айналысатын жылыжай салмақшы. Бірақ кәсіпкер дәстүрлі типтегі емес, жер асты жылыжай салуға ниетті. Оның сөзіне қарағанда, мұндай кешендер қаражатты үнемдейді.
- Термос-жылыжай – екі метр тереңдікке жер астына қондырылған ғимарат, - дейді Дархан Апиисов. – Бұл жылу энергиясына жұмсалатын қаражатты үнемдеп, жылу энергиясын сыртқа шығармайды, яғни өте тиімді. Бес миллион теңгелік грантты құрылыс материалдарын – іргетас қабырғасы блоктары, поликарбонат пен металл бұрыштарын сатып алуға жұмсаймын.
Дархан Апиисовтың сөзіне қарағанда, жобаны жүзеге асырудың басында бір адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Артынша табыс көзін беске дейін арттыру көзделуде. Кейбір күмәнді ойларды ысырып тастағанда кәсіпкер өз жобасының тиімді болатынына нық сенімді.
«Термос» түріндегі жылыжай басқа жылыжайлардан ерекше ғимарат. Мұндай кешендерде әртүрлі жеміс-көкөністерді жыл он екі ай өсіруге болады. Ғимараттың негізгі бөлігі жер астында орналасады. Бұл термос әсерін береді.
Биыл гранттар конкурсына барлығы 132 өтініш қабылданды, нәтижесінде 17 жеңімпаз анықталып, жалпы құны 81 миллион теңге грант бөлінді. Бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған гранттарды 2013 жылдан бастап бере бастады. Осы уақыт ішінде облыс көлемінде жалпы құны 578, 6 миллион теңге грант бөлінді.
Жобаларды жеті көрсеткіш бойынша бағалады: жаңашылдық, тиімділік, жүзеге асыруға әзірлігі, жеке инфрақұрылымның болуы, ұқсас жобалардан артықшылығы, экономикалық тиімділігі және презентация сапасы.
Грант құны – бес миллион теңгеге дейін, жоба 18 ай ішінде жүзеге асырылуға міндетті. Кәсіпкердің жеткілікті деңгейдегі инфрақұрылымы, жұмыс орындары мен кемінде үш жыл бойы жеке кәсіпкер мәртебесі болуы шарт.
Фото: ашық дереккөздерден