Павлодарлық компаниялар жаһандық мәселелерге практикалық шешімдер ұсынды

Павлодарлық компаниялар жаһандық мәселелерге практикалық шешімдер ұсынды
Фото: Ақмарал Есімханова

Астанада климаттық сын-қатерлер талқыланып, инновациялар көрсетілді. Тұрақты даму үшін жаңа әріптестіктер жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Халықаралық көрме Орталық Азияның тұрақты дамуының болашағы туралы диалог алаңына айналды. RES 2026 EXPO аясында кең көлемді іскерлік бағдарлама өтті: панельдік пікірталастар, технологиялық таныстырылымдар, халықаралық кейс-сессиялар және В2В-кездесулер ұйымдастырылды. Қатысушылар тәжірибе бөлісіп, жаңа әріптестіктер орнатып, шешімдерді бірлесе іздеді.

Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ресми ашылу салтанатында кездесудің маңыздылығына тоқталды.

 – Қазіргі әлем жаңа сын-қатерлерге тап болып отыр: климаттың өзгеруі, ресурстардың сарқылуы, экологиялық жүктеменің артуы. Оларға жауап тек мемлекет, бизнес, ғылым және халықаралық ұйымдардың серіктестігі арқылы мүмкін. Сондықтан, RES 2026 EXPO ерекше мәнге ие. Бұл алаң пікірталастан нақты жобаларға көшуге, ынтымақтастықты нығайтуға және жасыл шешімдерді экономикаға жедел енгізуге көмектеседі, – деп атап өтті министр.

Қазақстан үшін экологиялық трансформация стратегиялық бағыт болып табылады. Ел заманауи технологияларды енгізуге, инвестиция тартуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге жағдай жасап келеді.

Көрменің басты құндылығы – практикалық бағыттылығында. Мұнда ресурстарды тиімді пайдалануға, экологиялық жүктемені азайтуға және экономиканың тұрақтылығын арттыруға ықпал ететін шешімдер ұсынылды.

Көрмеге 30 елден 230 компания мен ұйым қатысты. Олар энергетика мен жасанды интеллект саласындағы жасыл технологияларды көрсетті. Ерекше назар жаңа идеялар мен стартаптарға аударылды: қалдықтарды қайта өңдеу, баламалы энергия көздерін іздеу және экологиялық құрылыс.

Өзбекстан Президентінің кеңесшісі, ұлттық экология және климат өзгерісі комитетінің төрағасы Азиз Абдухакимов халықаралық көрмеге қатысқан Орталық Азия елдерінің бір арнаға тоғысуында үлкен мән жатқанын алға тартты. Себебі, бұл елдердің мүддесі бір.

 – Көптеген сұрақтардың жауаптары дәл осы көрмеде табылады деп ойлаймын. Мұнда климаттық технологиялар, экологиялық және «жасыл» шешімдер ұсынылған. Олар өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және жалпы экономиканы тұрақты даму жолына бағыттайды. Көрменің ерекшелігі, жасыл технология жеткізушілері оларды қажет ететін компаниялармен тікелей кездесуінде жатыр. Тараптар ортақ шешімге келіп, ортақ мақсат жолында біріге алады, – деді Азиз Абдулхакимов.

Қатысушылардың арасында Павлодар облысының 10 шақты кәсіпорны болды. Олар өндірістік қалдықтарды азайту, қайталама шикізатты өңдеу және табиғи өнімдерден дәрумендер өндіру жобаларын ұсынды.

Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркеновтың айтуынша, көрме басталғалы өңірлік жобаларға қызығушылық танытқандар аз болмады. 

– Торайғыров университетінің ғалымдары өндірістік қалдықтарды өңдеп, дайын құрылыс материалдарын алуға мүмкіндік беретін технология әзірледі. Қоспаға саз және басқа компоненттер қосылады. Жобаға қытайлық кәсіпорындар қызығушылық танытты, олар инвестиция салу жағын сұрастырды, қазіргі уақытта технологияға патен алу көзделуде, – деді Дияр Қайыркенов.

Павлодар облысынан ұсынылған ірі жобалардың бірі – «Kazroyalpak» ЖШС-нің қағаз және картон өндірісі.

Зауыттың коммерциялық директоры Алмас Есімов, өндіріс Павлодар облысы үшін жаңа әрі заманауи технологияларымен ерекше болмақ.

– Жоба макулатура мен целлюлозаны қайта өңдеу арқылы қағаз және картон шығаруды көздейді. Зауыт толық автоматтандырылған болады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қаржыландыру өнеркәсіпті дамыту қорының қалдықтарды қайта өңдеу мемлекеттік бағдарламасы аясында және компанияның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Бұл жоба қоршаған ортадағы қағаз қалдықтарын азайтуға септігін тигізбек, – деді Алмас Есімов.

Алмас Есімовтың айтуынша, технология гофротара өндірісінен түбегейлі ерекшеленеді: мұнда қағаз бен картонның өзі шығарылады. 

 - Зауыттың жылдық қуаттылығы – 60 мың тонна. Өнімнің бір бөлігі зауыттың өз гофротара өндірісіне жұмсалады. Қазір шикізат Ресейден сатып алынады, бағасы қымбат. Жоба импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Қағаздың 100, 120, 150 және 200 грамдық түрлері шығарылмақ, -  дейді Алмас Есімов. 

Жаңа зауыттың әлеуметтік маңызы да бар. Жақын арада зауытта 200-ден астам адам жұмыс істеп, жаңа мамандықтарды меңгереді.

Көрме қорытындысында қатысушылар бірлескен шешімдерге келуді жоспарлап отыр. Ұйымдастырушылар мұндай тәжірибе жалғасады деп үміттенеді. Өткен жылы көрме Өзбекстанда өтіп, экологиялық мәселелерді шешудің нақты қадамдарын әзірлеу дәстүріне айналған.

Осылайша, павлодарлық кәсіпорындар әлемге ұсынарлық жобалары бар екенін дәлелдеді. Қалдықтарды қайта өңдеу, жасыл технологияларды енгізу және жаңа өндірістерді құрудағы олардың бастамалары халықаралық күн тәртібінің бөлігіне айналып, жаһандық аренада қолдау табуда.