Павлодарлық лицей ұстаздары аудан мұғалімдерімен тәжірибе бөлісті
Семинар бес пән бойынша ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Білім-Инновация» лицейінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында және облыстық білім беру басқармасының «Ауыл - қала» жобасы аясына Шарбақты ауданы мектеп ұстаздарына арналған семинар өткізілді. Шараға 100-ге жуық ұстаз келді.
– Атаулы мерейтой аясында семинарға Шарбақты ауданының ұстаздары шақырылды. Шара барысында мұғалімдермен тәжірибе бөлісіп, түрлі методикаларды қарастыратын боламыз. Семинар бес пәндік бөлім бойынша өткізілді: физика, математика, ағылшын тілі, химия, география пәндері, – дейді «Білім-Инновация» лицейі директорының білім жөніндегі орынбасары Ерназар Қайрат.
Бұған дейін де танымдық семинарлар өткізген лицей ұстаздары мектеп ұстаздарымен кездесіп, тәжірибелерімен бөліскен. Мұндай семинарлар «Білім-Инновация» лицейінен басқа да дарынды балаларға арналған лицей мектептерінде ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылуда.
Айта кету керек, облыс орталығындағы «Білім-Инновация» лицейі екі мекемеге бөлінген. Бірінде тек ұлдар ғана оқыса, екіншісінде қыздар білім алады. Бүгінгі таңда әрбір мекемеде 250-ге жуық бала білім нәрімен сусындауда.