Павлодарлық студенттер өнімдердің құрамдарын талдайтын ЖИ платформа ұсынды

Павлодарлық студенттер өнімдердің құрамдарын талдайтын ЖИ платформа ұсынды
Фото: жасанды интеллект

Қазіргі уақытта жоба бета-нұсқада жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Марғұлан университетінің студенттері азық-түлік өнімдерінің құрамын тексеріп беретін арнайы жоба ойлап тапты. «CheeckGreen» жобасы пайдаланушыларға өнімнің экологиялық қауіпсіздігін тез әрі ыңғайлы тексеруге мүмкіндік береді.

Жобаның ерекшелігі – пайдаланушы сайтқа кіріп, өнімнің атауын енгізсе немесе QR-код арқылы сканерлесе, платформа өнімнің құрамын талдап, оның экологиялық тұрғыдан қаншалықты «жасыл» екенін көрсетеді. Сонымен қатар, егер өнім базада жоқ болса, қолданушы оны қосымша ретінде ұсына алады.

– Бүгінгі таңда өнімдердің құрамын түсіну қиын. Қаптамаларда көптеген күрделі және түсініксіз сөздер жазылады. Біз «CheeckGreen» арқылы осы мәселені шешіп, пайдаланушыларға уақыт үнемдеуге мүмкіндік береміз, – деді жоба авторлары.

«CheeckGreen» жобасы қазіргі уақытта бета-нұсқада жұмыс істейді. Платформаның базалық нұсқасы тегін, ал толық функционалға ие болу үшін жазылу қажет. Алдағы уақытта команда мобильді қосымша жасап, жобаны бүкіл ТМД аумағында жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

– Пайдаланушылар тек отандық емес, шетелдік өнімдерді де қосу мүмкіндігіне ие болады, бұл платформаға халықаралық өнімдерді енгізуге мүмкіндік береді, – деп толықтырды студенттер.

Жоба авторларының айтуынша, платформа экологиялық өнімді тез және оңай бағалауға көмектесетін, ыңғайлы шешім ұсынатын жаңа портал болмақ.