Павлодар ауданында ерекше балалардың дамуына жол ашатын кабинет іске қосылды

Павлодар ауданында ерекше балалардың дамуына жол ашатын кабинет іске қосылды
Фото: Луганск жалпы орта білім беру мектебінен

Бұл – аудандағы алғашқы инклюзия кабинеті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар ауданындағы Луганск жалпы орта білім беру мектебінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған инклюзия кабинеті ашылды. Оны жабдықтауға облыс әкімінің қолдауымен 25 миллион теңге бөлінген, 

Жаңа кабинет балалардың қабілеттерін дамытуға, білім алуына және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетуге арналған. Мұнда арнайы мамандар әр баланың жеке ерекшеліктерін ескеріп, оның дамуына көмектеседі.

Кабинеттің ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы Жеміс Дүйсекенова, қоғамдық кеңес төрағасы Бақытбек Баткеев және Аналар кеңесінің төрағасы Баян Тоқсанбаева қатысты. Олар бұл бастаманың ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Жеміс Дүйсекенованың айтуынша, ауданда ерекше білім беруді қажет ететін 117 бала бар. Оның 15-і Луганск мектебінде білім алады. Екі оқушы үйде оқығанымен, мектептегі қосымша спорт секцияларына қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Тіпті республикалық жарыстарда да жүлделі орындарға ие болған.

– Бүгін біз үшін ерекше әрі маңызды күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларында балалардың сапалы білім алуына және әлеуметтік қолдау көрсетуге, инклюзия кабинеттерін ұйымдастыруға ерекше мән беріп келеді. Осы міндетті орындау мақсатында облыс әкімінің қолдауымен ауданымызға қаражат бөлініп, бүгін Луганск мектебінде инклюзия кабинеті ашылып отыр, – деді Жеміс Дүйсекенова.

Оның сөзінше, жаңа кабинетте балалар арнайы мамандардың көмегімен дамуын жалғастырып, өз қабілеттерін шыңдай алады. Кабинет қажетті жиһазбен, техникамен және оқу құралдарымен жабдықталған.

Луганск жалпы орта білім беру мектебінің директоры Қайрат Садыровтың айтуынша, мектепте 275 бала білім алса, ауылдағы 40 бүлдіршін шағын орталыққа келеді. Оқушылардың білім мен спортта жеткен жетістіктері де аз емес. Соның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар да үздіктер қатарынан көрініп жүр. 

– Біз үшін әр баланың сапалы білім алуы маңызды. Осы ретте мектебімізде инклюзия кабинетінің ашылуы ата-аналар мен оқушылар үшін зор қуаныш. Бұл кабинетте балалармен жеке жұмыс жасайтын 3 педагогтың көмекшісі бар. Сонымен қатар, психолог пен логопед те қызмет етеді, – деді мектеп басшысы.

Жаңа кабинетте талшықты-оптикалық аспалы душ, талшықты-оптикалық шарлары бар бассейн, батут, фитбол – гимнастикалық добы, талшықты-оптикалық жұмсақ туннель, талшықты-оптикалық төсеніш, аяққа арналған тактильді жолақ, ауа көпіршіктері бар бағана, сенсорлық тактильді панель және кварц құмымен сурет салуға арналған жарық үстелі бар. 

Айта кетелік, Павлодар аудандағы өзге білім беру ұйымдарында да педагогикалық-психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Жаңа инклюзия кабинеті ерекше білім беруді қажет ететін балаларға көрсетілетін қолдауды кеңейтуге мүмкіндік бермек.