Павлодарда балалар қысқы демалысты қалай өткізеді?

Павлодарда балалар қысқы демалысты қалай өткізеді?
Фото: Павлодар қалалық білім беру бөлімі

Демалыс уақытында 40 мыңнан астам оқушы үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, мектептердегі қысқы демалыс кезінде оқушылар коньки, шаңғы, шана тебеді. Сондай-ақ, орта буын оқушылары үшін «Арена» мұз айдынына шығу,  бастауыш сыныптар үшін «Қысқы ойын-сауық» және таза ауада ашық конкурстық бағдарламалар өткізіледі. 

Спорт залдарда спорттық үйірмелер, жаттығулар, волейбол ойындары, баскетбол, көңілді старттар, спорттық эстафеталар, мектеп кітапханаларында викториналар, оқулар, конкурстар,  «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша мектеп кітапханаларында «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» тақырыбында түрлі іс-шаралар өтеді. Қысқы демалыс кезінде оқушылардың оқуы үшін 10 кітап таңдалды. Оқушылар Ж. Аймауытов, А. Чехов атындағы кинотеатрларға, мұражайларға, театрларға барады.

– Сегіз қосымша білім беру ұйымында, 16 аула клубында 20000-нан астам оқушыға музыкалық, техникалық, көркемдік, лингвистикалық бағыттағы іс-шаралар, экскурсиялар, «Ертегі қысы», «Жаңа жылдық жарыс», «Жетістік шыңына» атты спорттық жарыстар, «Жақсылық жаса», «Құстарға күтім  жасау» акциялары жоспарланған, – дейді білім беру бөлімінде.

Айта кетейік, 2023 жылғы 29 желтоқсаннан 2024 жылғы 8 қаңтарға дейінгі аралықта қысқы демалыс кезінде қаланың жалпы білім беретін мектептерінің оқушыларына түрлі іс-шараларға қатысу мүмкіндігі беріледі.