Павлодарда алғашқы толық циклді жекеменшік мектеп салынып жатыр

Павлодарда алғашқы толық циклді жекеменшік мектеп салынып жатыр
Фото: Есенжол Исабек

«ДеТвоРа» білім беру кешені жүзеге асырып жатқан жоба келесі жылы пайдалануға беріліп, оқушыларға заманауи білім алуға жаңа мүмкіндік ұсынбақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы «ДеТвоРа» білім беру кешені 2018 жылы балаларды дамыту орталығы ретінде жұмысын бастап, бүгінде мектепке дейінгі және бастауыш білім беруді қамтитын кешенге айналды. Келесі жылы мұнда 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі толық циклді мектеп ашу жоспарланып отыр.

Білім беру кешенінің негізін қалаушы Елена Яровенко кәсіпорынның ата-аналардың қажеттілігіне қарай дамып отырғанын айтты.

– Біз халыққа білім беру қызметтерін көрсетуге бағытталған балаларды дамыту орталығы ретінде бастадық. Кейін ата-аналардың сұранысына байланысты балабақша ашу туралы шешім қабылдадық. Балаларымыз өсе келе мектепке деген қажеттілік пайда болды. Осылайша 1-4 сыныптарға арналған жекеменшік бастауыш мектеп аштық, – дейді Елена Яровенко.

2021 жылы кәсіпкер «Даму» қорының қолдауымен ғимарат сатып алған. Кейін ғимарат толық реконструкциядан өткізіліп, мектеп талаптарына бейімделді. Қазір мұнда 1-4 сынып оқушылары білім алады.

Мектептің ерекшеліктерінің бірі – сыныптардағы бала санының аз болуы. Әр сыныпта шамамен 20 оқушыдан оқиды. Сонымен қатар, әр сыныпқа сынып жетекшісінен бөлек тьютор бекітілген.

–  Тьютор –  сынып жетекшісінің көмекшісі. Ол баланың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерді шешеді. Баланы қарсы алып, қажет болса медициналық пунктке апарады, үй тапсырмасын орындауға көмектеседі, оқушылар арасындағы қарым-қатынасты реттейді. Осылайша мұғалім тек білім беру процесіне көңіл бөле алады, – деп түсіндірді білім беру кешенінің басшысы.

Мектеп толық күн форматында жұмыс істейді. Балалар таңертеңнен кешке дейін осында болып, бес мезгіл тамақтанады. Оқу бағдарламасы мемлекеттік стандартпен қатар, қосымша білім беру бағыттарын да қамтиды.

Вариативті бөлімде жылдам оқу, менталды арифметика, таэквондо, дұрыс дене қалпын қалыптастыру, театр студиясы, би, қытай және ағылшын тілдері оқытылады. Цифрлық сауаттылық пәні оқушыларға бірінші сыныптан бастап үйретіледі.

Биыл мектепте жасанды интеллект бағыты да міндетті пән ретінде енгізілген.

–  Балалар бағдарламаларды өздері жазады, ойындар әзірлейді. Мектепішілік хакатон өткіземіз. Мектеп оқушылары математика, ағылшын тілі және логика пәндерінен қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері атанып жүр, – деді Елена Яровенко.

Қазіргі таңда кешеннің балабақшасында 300-ден астам бала тәрбиеленуде. Ал бастауыш мектепте шамамен 350 оқушы білім алады.

Кәсіпкердің айтуынша, мұндай ауқымды жобаларды «Даму» қорының қолдауынсыз жүзеге асыру қиын болар еді.

– Біз алғашқы күннен бастап «Даму» қорымен жұмыс істеп келеміз. Қор бізге жеңілдетілген несие бағдарламасы арқылы қолдау көрсетті. Бұл жобаға қатысып, оны жүзеге асыруға мүмкіндік берді, – дейді ол.

Қазір компания жаңа жобаны – толық циклді мектеп құрылысын жүзеге асырып жатыр. 2025 жылы Павлодар қаласынан жер учаскесі сатып алынып, жаңа білім беру нысанының құрылысы басталған. Жаңа мектепте 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі балалар білім алады деп жоспарлануда.

– Біз бастауыш, орта және жоғары буынды қамтитын толық циклді білім беруді жүзеге асырғымыз келеді. Барлығы ойдағыдай болады деп сенемін. Келесі жылы балаларымыз жаңа мектеп ғимаратына көшеді деп жоспарлап отырмыз, – дейді Елена Яровенко. – Бұл ретте, білім берудегі басты мақсат – тек академиялық нәтижеге қол жеткізу емес, баланың оқу процесіне қызығушылығын арттыру. Балаға бұл жерде қызықты болуы керек. Бұл – ең маңыздысы. Оқу баланың қызығушылығы мен білуге деген құштарлығын оятуы тиіс. Біздің командамыз осы үшін бар күшін салады, – деп атап өтті кәсіпкер.

Қазіргі таңда білім беру кешенінде 30-дан астам педагог жұмыс істейді. Мектеп басшының айтуынша, ұжым тұрақтылығымен және өз жұмысына жоғары жауапкершілікпен қарайтын мамандардан құралған.

Бірінші сынып оқушыларының бейімделуіне де ерекше көңіл бөлінеді. Биыл мектепте бес бірінші сынып жасақталған. Бейімделу кезеңінде балалармен тьюторлар, педагогтер мен психологтар жұмыс істейді. Мамандар ата-аналармен де тығыз байланыста.

Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Мектеп ғимаратында 65-тен астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Күзет қызметі мен дабыл түймесі бар. Камералар жедел басқару орталығына қосылған, ал ата-аналар баласының қауіпсіздігін онлайн бақылау мүмкіндігіне ие.

Мектеп басшысының айтуынша, мұндай жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ата-аналардың да алаңдаушылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Павлодарда төрт жекеменшік мектеп жұмыс істейді. «ДеТвоРа» мектебі жаңа ғимараттың құрылысы аяқталғаннан кейін қаладағы 1-11- сыныптарды қамтитын толық циклді алғашқы жекеменшік мектеп болады.