Уақыт жоқ: Баянауылда оқушылар қалай демалуда?
«Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру орталығы жылына 13 ауысымды қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда сегізінші ауысым жүріп жатыр. Орталықтың жалпы жоба қуаттылығы 150-200 баланы қамтуға мүмкіндік береді.
– Бүгінде Оқу-ағарту министрлігінің балалар құқығын қорғау комитетімен «Қазақстан халқына» әлеуметтік жобасы аясында «Жазғы жолдама» атты бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында облыстың 190 баласы демалуда. Бұл балалар жыл бойы өздерін жоғары деңгейде көрсеткен, озат, спорттық, мәдени сайыстардың жеңімпаздары, дарынды балалар, – дейді «Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру орталығының басшысы Жұлдыз Селеусина.
Оның айтуынша, лагерьде 12 үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмелерде балалар тігін тігіп, добырада ойнауды, құмыра, ағаштан ойыншықтар жасауды үйренеді, сурет салып, спортпен айналысады. Өздері жасаған дүниелерін естелікке өздерімен бірге алып кете алады.
«Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру орталығының ұйымдастырушы-ұстазы Назгүл Жомартқызының айтуынша, балалардың мүлдем бос уақыты болмайды. Себебі, олардың күн тәртібінде түрлі шаралар мен үйірмелер, экскурсиялар бар.
– Демалушылар Кемпіртас, Торайғыр ауылы, Қоңырәулие үңгірі, Сабындыкөлге келіп, Баянауылдың әсем табиғатымен танысады. Қысқаша айтқанда, балалар орталығымызда уақытты тиімді өткізумен қатар, зерікпейтін болады, – дейді Назгүл Жомартқызы.
Шарбақты ауданынан келген Жанель Болат келесі жылы да осы жерде демалғысы келетінін айтады.
– Маған ұнайтыны лагерьде өткізген әрбір күн жаңашылдыққа толы. Балалармен танысып, ойнап, достасып кеттік. Егер де мектеп қайта ұйымдастырса, міндетті түрде «Жас дәурен» легеріне келуге тырысамын, – дейді ол.
Айта кету керек, қыс мезгілінде де орталық жұмысын тоқтатпайды, алайда қыста демалу уақыты 20 күнге созылады және оқу процесі тоқтатылмайды. Бұдан бөлек демалуға келген оқушылар Баянауылдың тарихи, көркем жерлеріне барып, тамашалайтын болады. Ал күннің ыстығында лагерьдің жеке қоршалған жағажайында демалады.