Мұғалімнің цифрлық көмекшісі: Павлодарда жаңа ЖИ жоба таныстырылды

Мұғалімнің цифрлық көмекшісі: Павлодарда жаңа ЖИ жоба таныстырылды
Фото: Константин Шелков

MEKTEP AI жобасы білім беру үдерісін жеңілдетіп, ЖИ мүмкіндіктерін барынша пайдалануға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Білім беру үдерісін цифрландыруға және мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған жаңа шешімдер «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы жиын аясында өткен көрмеде таныстырылды.

Жаңашыл өнім ұстаздарға арналған.

MEKTEP AI жобасының әдіскері Аяулым Маханованың айтуынша, жоба өткен жылдан бері жұмыс істеп келеді. Цифрлық шешімнің 80-нен астам қызметі бар.

– Қазіргі уақытта павлодарлық мұғалімдер ЖИ көмекшісін жеке сатып алып пайдалануда. Оның көмегімен ұстаздар сабаққа қажетті құралдар мен құжаттарды әзірлей алады. Атап айтқанда, үй тапсырмаларын құрастыруға, тұсаукесерлер жасауға, көрнекі құралдар дайындауға мүмкіндік бар. Жасанды интеллект мүмкіндіктері де жүйеге кіріктірілген, – дейді Аяулым Маханова.

MEKTEP AI жобасы – отандық өнім. Әзірлеушілер мұғалімдер пайдаланатын ақпараттар мен құжаттардағы дербес деректердің сақталуына кепілдік береді. Жобаны әзірлеушілердің қатарында Екібастұз қаласының IT маманы да бар.

Даниял Нұрымжан – мектеп оқушысы. Қазіргі уақытта ол Digital Bridge компаниясымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Қазақстан бойынша жобаның мүмкіндіктерін 60-тан астам мектеп пайдаланып отыр. Болашақта павлодарлық педагогтерді де жобаға қосу жоспарлануда.

Мамандардың айтуынша, цифрлық жобаның құны шетелдік аналогтарына қарағанда әлдеқайда төмен. Ал функционалдық мүмкіндіктері жағынан шетелдік шешімдерден кем түспейді.