Павлодарлық оқушылар шахматтан Әлем чемпионатына жолдама алды
Мектеп командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты Алматы қаласында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Республикалық додада еліміздің әртүрлі өңірлерінен 225 оқушы бақ сынады. Аталған жарыста облыс намысын Павлодар қаласының №8 лицей мектебінің оқушылары қорғады.
– Павлодарлық шахматшылар құрамасы 4-6-сынып 5 оқушысынан тұрды. Олар – Сүлейман Ахмет, Руслан Абдрашев, Абылайхан Дуабек, Вадим Дерксен, Арсен Мағзұм, – дейді білім ордасында.
Сүлейман Ахмет 12 жасқа дейінгі қарсыластарына есе жібермей, жүзден жүйрік атанып, алтын жүлде алды. Сонымен қатар, Арсен Мағзұм дүбірлі додада өңіріміздің намысын қорғап, күміс жүлденің иегері атанды.
Айта кетерлігі, жеңімпаздар шахматтан мектеп командалары арасында өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Жарыста жаһанның 50 елінен жиналған жас шахматшылар бақ сынайды.