Ертіс ауданында жас ақындар мен шешендер анықталды
Дәстүрлі «Жас ақын» лагерінде ауданның дарынды оқушылары үш номинация бойынша бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарақұдық жалпы орта білім беру мектебінің базасында өткен дәстүрлі лагерьге аудан мектептерінен келген шығармашыл оқушылар қатысты. 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жоба жасөспірімдердің әдебиетке және сөз өнеріне қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Биыл қатысушылар «Жырлайды жан жүрегім жақсылықты», «Көркем сөз оқу» және «Шешендік өнер» номинациялары бойынша өнер көрсетті.
– Лагерьдің басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашып, әдебиет пен шешендік өнерге қызығушылығын дамыту. Қатысушылар өздерінің сахна мәдениеті мен сөз саптау шеберлігін жоғары деңгейде көрсетті, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
«Жырлайды жан жүрегім жақсылықты» номинациясында Ертіс №2 мектебінің 9-сынып оқушысы Айзере Хайрат жеңімпаз атанды. Екінші орынды Ертіс №4 мектебінің оқушысы Бақытжан Кәусар иеленсе, үшінші орын Қараағаш мектебінің оқушысы Мансұр Тасболатовқа бұйырды.
«Көркем сөз оқу» бағыты бойынша Абай мектебінің 10-сынып оқушысы Гүлім Қошман үздік деп танылды. Қарақұдық мектебінің оқушысы Жасқайрат Данэль екінші орын алса, Ертіс №4 мектебінің оқушысы Әмина Бақытбекқызы үздік үштікті түйіндеді.
Ал «Шешендік өнер» номинациясында Абай мектебінің 10-сынып оқушысы Жайна Мақұлбекова жеңіске жетті. Иса Байзақов атындағы мектептің оқушысы Жансая Канатова екінші орын иеленді. Үшінші орынды Ертіс №2 мектебінің оқушысы Сырым Арынғазы мен Қарақұдық мектебінің оқушысы Таңшолпан Адай бөлісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерь балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ғана емес, туған тілге, ұлттық әдебиет пен сөз өнеріне деген қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді.