Терідегі сүйел мен папиллома онкологиялық ауруға әкелуі мүмкін
Алматыдағы №8 қалалық емханасының дерматолог-дәрігері Жанна Ахметова тері обырының алғашқы белгілері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, қазіргі уақытта «Тері қатерлі ісігінің себебі неде?» деген сұраққа бірде-бір жауап жоқ. Десе де, болжамды бірнеше фактор бар, олардың болуы ісіктің туындау қаупін арттырады. Оған мыналар жатады: тұқым қуалаушылық, қолайсыз экология, асқынған тері аурулары және тағы басқалары.
Сонымен қатар маман обырды ерте анықтау онкологиялық аурулармен күресуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бала кезінде «атопиялық дерматит» диагнозы қойылған адамдар бар. Бірақ, олар дәрігердің нұсқауын орындамады: диетаны ұстанбады, соңына дейін емделмеді және ересек кезінде осы аурумен өмір сүре берді. Кейінірек, бұл фонда терінің құрғауы, қатты қышу дамиды, ауру асқынып, қатерлі ісікке, яғни обырға айналады», - дейді дәрігер.
Айтуынша, тері ісігі көбінесе обыралды аурулардың асқынуынан пайда болады. Сондықтан мойынға, арқаға шыққан меңдер, папилломалар мен сүйелдерді міндетті түрде алып тастату керек.
«Егер жеке косметологиялық кабинетте дерматокосметолог жұмыс істесе, ол алып тастауға құзыретті. Жою үшін сұйық азот, лазер криотерапия кімнің қандай техниканы иеленетініне байланысты қолданылады. Процедурадан бұрын АИТВ-ға қан талдауын алу керек», - деп қосты дәрігер.
Дәрігер күнде көп жүруге болмайтынын тілге тиек етті. Себебі, күн сәулесі түрлі тері ауруларын тудырады.
«Таңертеңгі сағат 10.00-ден 12.00-ге дейінгі күн сәулесі қауіпті. Қыста және жазда күннен қорғайтын жақпамай қолданған жөн. Дәріханадан сертификатталған өнімдерді сатып алу қажет, ал кремді құрғақ немесе майлы болуына байланысты терінің түріне қарай таңдауға болады», - деді Жанна Ахметова.