Павлодарда үш тілді жетік меңгерген жастар сынға түсті

Павлодарда  үш тілді жетік меңгерген жастар сынға түсті
Суретті Ержан Төкенов ұсынды

Байқауда қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада үш тілді жетік меңгерген жастар арасында облыстық «Тіл шебері» конкурсы өтті.

Байқауды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ҚР тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде ұйымдастырған.

Аталған байқау қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау, қолдау көрсету, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

–   Шараға өңірімізден үш тілді жақсы меңгерген 13 жас  қатысты. Оларды әр саланың саңлақтары деп айтуға болады, – дейді басқарманың бас маманы Ержан Төкенов.

Қатысушылар байқаудың талаптарына сәйкес «Елтаным» кезеңінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақтың жері және оның аймақтары туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндау, «Сөзтаным» кезеңінде қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді оқып, орыс және ағылшын тілдерінде мағынасын ашу, «Ойтаным» кезеңінде берілген тақырып бойынша қазақ тілінде эссе жазу сияқты тапсырмаларды орындау арқылы сынға түсті.

Үміткерлердің білімдері мен өнерлерін жергілікті ЖОО-ның ғалымдары бағалап, тілдерді меңгеру деңгейіне, үш тілдегі орфоэпиялық нормалардың дұрыс дыбысталуына, жауаптардың нақтылығы мен дұрыстығына, үш тілде таза сөйлеуіне, сауатты жазу шеберлігіне мән беріп, шешімдерін шығарды.

Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орын Успен ауданының үміткері Жусупов Аманжолға бұйырса, II орынды Шарбақты ауданының қатысушысы Қадас Қожасұлтан иеленді, ал III орынға Павлодар қаласының үміткері Измат Рыспаев лайықты деп танылды.

Барлық қатысушыларға дипломдар және Алғыс хаттар, қаржылай сыйлық табысталды.