Батареясы жарылған: Екібастұз тұрғынына жарты миллион теңгеге жуық ақша қайтарады
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС сот шешімімен келіспей, апелляцияға берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Іс материал бойынша, былтыр 28 қараша - 8 желтоқсан аралығында Екібастұз ЖЭО-да және жылу желілерінде болған апатқа байланысты техногендік жағдай енгізілген болатын. Іс материалы бойынша апат салдарынан жергілікті тұрғынның үйінде батереялар мен құбырлар жарылды. Ол «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не материалдық шығын мен моральдік зиянды өндіру үшін сотқа талап арызбен жүгінген.
Талапты төтенше жағдайдың салдарынан оған материалдық шығын келтірілуімен, құрылыс материалдарын өз қаражатына сатып алуымен уәждеді. Сондай-ақ моральдық зиянды өндіруді сұрады. Бірінші сатыдағы сот талаптарды ішінара қанағаттандырды – 365 740 теңге материалдық шығынды өндіріп, моральдік шығын көлемін 100 мың теңгеге дейін азайтты.
Алайда кәсіпорын шешіммен келіспей апелляцияға берген. Аталған шағымда жауапкер сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талапкер құрылыс материалдарын сатып алғанын түбіртектің түпнұсқасымен дәлелдеді.
– Сот бұл жағдай техногендік сипатқа ие болғандығын ескерді, – деді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінде.
Алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Қаулы заңды күшіне енді.