Павлодарда «Погондағы журналист» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Павлодарда  «Погондағы журналист» байқауының жеңімпаздары  марапатталды
Фото: Полиция басқармасының баспасөз қызметі

Журналистер аталмыш байқауға 100-ден астам материал жіберген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа жыл қарсаңында облыстық полиция ведомствосында «Погондағы журналист», «Менің полициям» және «Серт» республикалық ақпараттық жобаларының жеңімпаздары марапатталды. 

– Жобалардың басты мақсаты - полицияның құқық тәртібі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін жариялау, қоғаммен өзара ынтымақтастықты нығайту, балаларға қолдау көрсету. Павлодарлық журналистер, ардагерлер мен балалар конкурстарға белсенді қатысып жатқаны қуантады, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.

Байқау нәтижесі бойынша «Үздік бейне материал» номинациясы бойынша дипломмен «Ертіс» телеарнасының тілшісі Байтұрсын Жұмабай, Алғыс хатпен «Zaman tynysy» газетінің тілшісі Тілеуберді Сахаба және  «Ең қызықты мақала» номинациясымен әріптесіміз Константин Шелков марапатталды.  

Сонымен қатар, департамент «Менің полициям» жобасын қорытындылады. Оған 9-14 жас аралығындағы балалар қатысты. Шығармашылық байқау барлық аумақтық бөлімшелерде «Үздік эссе», «Үздік TikTok», «Үздік бейнеролик» номинациялары бойынша өткізілді. 

Балалар байқауына облысымыздың 158 баласы қатысты. Қазылар алқасы бейнематериалдарды, эсселерді және TikTok-бейнежазбаларды бағалады. Ішкі істер министрлігі облысымыздан үш номинантты анықтады. Нәтижесінде 2-орынды Павлодар қаласының Бекхожин атындағы 5-сынып оқушысы Ертай Нұртай иеленді. Сондай-ақ, ІІМ грамотасымен Бекхожин атындағы мектептің 5-сынып оқушысы Мөлдір  Болат Алғыс хатпен және «Үздік бейнеролик» номинациясына қатысқаны үшін Ертіс мектебінің 2-сынып оқушысы Шаттық Қуандық марапатталды.