Павлодарлық полицейлер 23 жыл бұрын қызды зорлаған адамды ұстады
Ол 20 жылдан астам іздеуде жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnewz.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті тәртіп сақшылары Ресей Федерациясының екі азаматының орналасқан жерін анықтап құрықтады. Заң бұзушылар ұзақ жылдар бойы іздеуде жүрген. 57 жастағы ер адам 2000 жылы Ресей Федерациясының Омбы қаласында 17 жастағы қызды зорлаған, қазіргі таңда 69 жастағы әйел 1999 жылы Ресейде есірткі қылмысын жасаған. Осы жылдар ішінде екеуі де жасырынып, тұрғылықты жерін ауыстыра берген.
– Адамдарды іздестіру үздіксіз жүргізіледі. Жедел қызметкерлер қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың орналасқан жерін анықтады. Қазіргі уақытта экстрадициялау мәселесі халықаралық шарттарға сәйкес шешілетін болады, – деді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.
Айта кету керек, жыл басынан бері іздестіруде жүрген 135 қылмыскердің жасырынған орны анықталып, қолға түсірілді.