Павлодар облысында жылқыға соғылған мотоцикл жүргізушісі қаза тапты

Павлодар облысында жылқыға соғылған мотоцикл жүргізушісі қаза тапты
ЖИ иллюстрациялық суреті

Жол-көлік оқиғасы бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 10 қазанда Ольгинка – Ямышев автожолында жылқыны қағу салдарынан «Sycmcc» маркалы мотоциклдың қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

– Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады. Сонымен қатар, жылқының иесі ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.

Облыстық жедел жәрдем станциясына оқиға туралы сағат 23:20-да хабарлама түскен. Тоғыз минуттан кейін медицина қызметкерлері оқиға орнына жеткенімен, зардап шеккен ер адамды аман алып қалу мүмкін болмаған. Ол өмірге сәйкес келмейтін жарақаттар алған.

Осы ретте полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, жол жағдайын ескере отырып қауіпсіз жылдамдықты таңдауды, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде сақ болуды, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жағдайын бақылауды ескертеді.