Павлодарлық полицейлер пәтер ұрлығын ашуда жеделдік танытуда
Жыл басынан бері облыс аумағында 16 пәтер ұрлығы тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда 13 ұрлыққа күдіктілер анықталып, ұсталды. Сегізіне қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілген.
Сұғанақтар үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, зергерлік бұйымдарды, ақшаны, тұрмыстық техниканы, құралдарды, ұялы телефондарды ұрлауға кіріседі.
- Мысалы, қала тұрғыны полицияға белгісіз біреу пәтеріндегі су жылытқышты, бұрағышты, перфораторды ұрлағанын айтып, шағымданды. Келтірілген залал сомасы 300 мың теңгені құрайды. Осындай өтінішпен облыс орталығының тұрғыны полицияға келіп, зергерлік бұйымдары мен ұялы телефонынан айырылып қалғанын айтты. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары осы ұрлыққа қатысы бар адамдарды анықтауға кірісті, - деді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.
Тәртіп сақшылары азаматтарды сергек болуға және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыра отырып, шақырылмаған қонақтың үйге кіруіне жол бермеуді ескертеді.