Павлодарлық полиция WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырады

Павлодарлық полиция WhatsApp-та алаяқтықтың жаңа түрінен сақ болуға шақырады
Фото: pexels.com/Torsten Dettlaff

Кибералаяқтар «GhostPairing» әдісін қолданып, WhatsApp аккаунттарына жасырын түрде қол жеткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ол үшін олар WhatsApp немесе Facebook атынан жалған хабарлама жіберіп, ресми сервиске ұқсас фейк-парақшаға өтуді сұрайды. Сол жерде телефон нөмірі мен растау коды енгізілген сәттен бастап, алаяқ аккаунтқа қосымша құрылғы ретінде қосылып, хат алмасуларды оқи алады, файлдарды көреді және жәбірленуші атынан хабарлама жібереді. Телефон бұл кезде қалыпты жұмыс істей береді.

Аккаунттың бұзылғанын тек WhatsApp-тағы «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімінен ғана білуге болады, белгісіз құрылғы анықталса, оны дереу жою қажет. Ешқашан растау кодын бөгде сайттарға енгізбеңіз, қосымшадан тыс код сұрау – алаяқтықтың белгісі. Екі факторлы аутентификацияны қосып, аккаунт қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстаңыз.

Облыстық полиция қызметкерлері киберқауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Белгісіз хабарламаларға, қоңырауларға және әр түрлі хабарландыруларға мұқият болуды ескертеді.