Павлодар облысында теміржол қатынасы қосымша вагондармен күшейтілді
Автожолдардың жабылуына байланысты стандартты пойыз құрамдарына қосымша вагондар тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, тас жолдардың жабылуына байланысты ҚТЖ жолаушылардың қозғалыс мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша шараларды қабылдауда. Бұған дейін іске қосылған қала маңындағы электр пойыздарымен қатар, компания стандартты пойыздарда жолаушыларды отырғызуды ұйымдастырады.
– Теміржол көлігінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында алыс бағыттағы бірқатар пойыздардың құрамына қосымша тіркемелі вагондар енгізілді. Атап айтқанда, №45 «Түркістан – Павлодар», №4 «Астана – Алматы», №47 «Астана – Атырау», №323 «Астана – Петропавл» және №139 «Павлодар – Пресногорьковск» бағыттары бойынша сыйымдылық арттырылды, – делінген хабарламада.
ҚТЖ жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады. Мамандар азаматтарды сапарларын жоспарлау кезінде ауа райы жағдайларын мұқият ескеруге шақырады.