Асайын Байханов: Жылу станцияларындағы параметрлерді төмендетпеу керек
Аймақ басшысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста осындай міндет қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Ертеңнен бестап аяздың беті қайтады, дегенмен көптеген үйлер суып қалды. Әсіресе бұл панельді үйлерге қатысты. «Павлодарэнерго» АҚ-на жылумен қамту параметрлерін 95 градус деңгейінде сақтауды тапсырдым. Сондықтан аяздың беті қайтқан кезде де қажет болған жағдайда бір апта немесе он күні жылу станцияларында жоғары параметрлерді ұстап тұру керек, – деді Асайын Байханов.
Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ануарбек Амановтың айтуынша, 702 көпқабатты үйдің тұрғындарының ішінде тек 27 адам жылудың жетіспеушілігіне шағымданған. Бүгінде Екібастұз ЖЭО бекітілген жоспар бойынша жұмыс істеуде. Алты қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр, үш қазандық резервте, бір қазандық жоспарлы жөндеуде. Жылу беру параметрлері 95 градустан жоғары, ал кері бағытта – 64 градус.
– Біз 21 шағымданушының үйіне бардық, ал алты үйде жұмыс жүргізілуде. Бұл – Оңтүстік үй, 18, 30, 2, Мәншүк Маметова көшесі, 54/2, Павлодарское, 3а, Степная, 31, Шашкин көшесі, 22. Қысқы жылыту кезеңі мәселесі бақылауда, – дейді Ануарбек Аманов.
Сондай-ақ ол комиссия құрылып, барлық өтініштер бақылауға алынғанын жеткізді.