Павлодарлық сатирик Жанат Тұрғанбекұлы атындағы байқауда бас жүлде ешкімге бұйырмады
Байқауға павлодарлықтардан бөлек, Талдықорған мен Өскемен қалаларының ақындары да қатысуға ниет білдірген, деп деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының мәлімдеуінше, сатирик Жанат Тұрғанбекұлы атындағы «Жасын сөздің жарқылы» атты облыстық ашық байқаудың қорытындысы бүгін шығарылды.
Жас сатириктердің додасына белгілі қаламгерлер Ғалымбек Жұматов, Социал Әйтенов, Жұмабек Сманов, Асыл Әбіш, Алпысбай Хонж, Айбек Оралхан қазылық еткен.
- Байқауға Талдықорған, Өскемен, Павлодар, Екібастұз қалалары мен Мойылды кенті, Май, Успен аудандарынан оннан астам қаламгер қатысты. Қазылар алқасы шығармаларды оқып, талқылап, қорытынды шығарды. Бас жүлдеге лайық шығарма болмағандықтан, жоғарғы марапат ешкімге табысталмайтын болды, - делінген хабарламада.
Нәтижесінде бірінші орынға мойылдылық Нұрбек Кеңесбайдың туындысы лайық болса, екінші орын тағы бір мойылдылық жас қаламгер Жанболат Абайханға тағайындалды. Ал үшінші орынды өскемендік Мұратхан Кенжехан еншіледі. Сонымен қатар, талдықорғандық Әбу Жарқынұлы мен Май ауданынан қатысқан Ерлан Аманқожаға ынталандыру жүлделері бұйырды.
Айта кетелік, марапаттау рәсімі алдағы аптада ұйымдастырылатын болады.