Павлодарлық кітапханашылар Ресейдегі әріптестерімен тәжірибе алмасты
Онлайн кездесу гибридті форматта өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мамандары Новосібір мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Ресей және Қазақстан кітапханалары: идеялар мен тәжірибе алмасу» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Жиында кітапханалардың жобалық қызметі, қазіргі заманғы адамның білім берудегі және өзін-өзі тәрбиелеудегі кітапханалардың рөлі туралы талқыланды. Павлодар ОӘҒК әмбебап оқу залының басшысы Сәуле Жанкаринова кітапхананың алға жылжуға мүмкіндік беретін жобалары мен бағдарламалары туралы айтып берді.
– Бұл – әлеуметтік, мәдени, ағартушылық жобалар. Әрбір жобаны жүзеге асыру үшін жұмыс істейтін командаға тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Оның сәтті болуы команда мен ұйымның білім және дағдыларды игеруіне байланысты, – деп мәлім етті спикер.
Бүгінде облыстық кітапхана 30-дан астам түрлі жобаны жүзеге асыруда. Жобалық қызмет білімді, ғылым жетістіктерін насихаттау үшін ең жаңа тиімді инновациялық шешімдерді табуға көмектеседі. Ең ауқымды жобалар қатарына «Балаларға базарлық», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Асыл қазына», «Аялы алақан», «Жыр мен жыршы» бағдарламалары жатады.
Айта кетейік, дөңгелек үстелге Ресейдің Новосібір, Архангельск, Тамбов облыстарының, Қырым Республикасының, Краснодар өлкесінің, Нижневартовск қаласының кітапхана мамандары және Қазақстанның Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарының кітапхана мамандары қатысты.