Павлодарда мәдениет саласының үздік мамандары тәжірибелерімен бөлісті

Павлодарда мәдениет саласының үздік мамандары тәжірибелерімен бөлісті
Суретті «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы ұсынды

Іс-шараға өзге облыстардың шығармашылық орталықтарының басшылары онлайн форматта қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында облысқа қарасты қала, аудан, ауылдық мәдениет үйлерінің жетекшілеріне арналған семинар өтті. Іс-шара барысында аймақтың мәдениет саласына қатысты мәселелер, саланы дамытудың тың әдістері туралы ой-пікірлер айтылып, үздіктер тәжірибе алмасты, мәдени жобаларды жүзеге асырудың жолдарын талқылады.

Шараға мемлекеттік концерттік ұйымдарының республикалық концерттік–гастрольдік қызмет орталығының басшысы Гүлнар Бектұрғанова, Қазақ Ұлттық өнер университеті «Актер өнері» ПЦК-ның театр пәндерінің оқытушысы, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының шығармашылық қызметінің режиссері Думан Әкім өздерінің жұмыс барысындағы тәжірибелерімен бөлісті.

–   Семинарға республикалық деңгейде жұмыс істеп жүрген үздік мамандар қатысып, облыстағы мәдениет саласындағы мәселелерді талқылап, шеберлік сағатын өткізеді, – деп атап өтті «Шаңырақ» орталығының басшысы Замира Сұлтанова.  – «Шаңырақ» орталығы мүмкіндігінше қала, аудан, ауылдардағы мәдениет ошақтарымен тығыз жұмыс істеп келеді. Әр өңірдегі әріптестеріміздің істеген жұмыстарын жақсы білу мақсатында жыл сайын ауылдағы мәдениет үйлерін аралап шығамыз. Бірқатар жерді шарлап, ауылдағы атқарылып жатқан жұмыстардың қыр-сырымен танысамыз.

Орталық басшысы кейбір ауылдарда мәдениет үйлерінің есіктерінде құлпы тұрған кездер де болғанын жасырмады. Дегенмен мәдениет саласына аянбай тер төгіп, еңбек етіп жүрген жандар да жоқ емес. Мәселен, Тереңкөл ауданындағы мәдениет үйі ескі ғимаратта орналасқан, алайда қызыметкерлер жоқтан бар жасап, жұмысты өрге домалатып отыр.

Сонымен қоса, жыл сайын республикада мәдениет саласындағы«Рухани қазына» байқауы облыста басталып, мәдениеттің әр бағыты бойынша жасалған жұмыстардың тың нәтижесі шығарылады. Ал биылғы жылдың үздіктері 2025 жылы анықталады.