Павлодарлық спорт маманы жаңа қызметке тағайындалды

Павлодарлық спорт маманы жаңа қызметке тағайындалды
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жанындағы Спортты дамыту дирекциясы

Марат Айдашев Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жанындағы Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, Марат Айдашев дирекция директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша бағытқа жауап береді.

Марат Айдашев 1971 жылы туған. Павлодар педагогикалық университетін «Дене шынықтыру мұғалімі», Қайнар университетін «Заңтану» және Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Әлеуметтік білім» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Павлодар қаласындағы «Батыр» арнайы олимпиадалық резервті жасөспірімдер мектебінде дзюдодан жаттықтырушы болып бастаған.

1995-2009 жылдары «Астана батыр» клубында дзюдодан аға жаттықтырушы болып еңбек етіп, Қазақстанның дзюдодан ұлттық командасын басқарған.

2010 жылы Павлодар облысының құрылыс басқармасында және облыс әкімінің аппаратында қызмет атқарды.

2012-2020 жылдары Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарды. 2020-2025 жылдары «Жеңіс» спорт клубының атқарушы директоры болды.

2025 жылдың қаңтарынан бастап Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарды.