Павлодарлық спортшылар асық ойындарынан Еуразия кубогының жүлдегерлері атанды
Түркияның Анталия қаласында асық ойындары мен тоғызқұмалақтан Еуразия кубогы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Германия, Чехия, Румыния және Түркиядан жиналған асықшылар қатысты.
Павлодар облысынан 6 спортшы ел намысын қорғап, қоржынға 3 медаль салды.
Асық атудан «Алтын сақа» Павлодар облысының асық ату федерациясының басшысы Қалибек Қуан «Қазақстан-1» командасы сапында сынға түсіп, 1-орын иегері атанды.
– Жаттықтырушылар да, асықшыларымыз да өз міндеттерін абыроймен қорғады. Әлемдік деңгейде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатқанымыз қуантады. Алдағы жарыстарда асықшыларымызға сәттілік тілеймін, – деді Қалибек Қуан.
Бұл жарыста павлодарлық Саят Қизат, Алмас Жармағамбетов өнер көрсеткен «Қазақстан-2» командасы үшінші орынға ие болды.
Ал, бес асық ойынында Павлодар облысының тағы бір спортшысы Мерей Сүлеймен өнер көрсеткен «Қазақстан-2» командасы 2-орынды еншіледі.
Сондай-ақ Қайрат Жетпісов пен Қуат Бораналиннен құралған «Қазақстан-3» командасы жақсы ойын көрсеткені үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Бүгін жерлестерімізді Қайырбаев атындағы ұлттық спорт клубының ұжымы қарсы алды.