Павлодарлық спортшы Оңтүстік Кореяда шеберлігін көрсетті

Павлодарлық спортшы Оңтүстік Кореяда шеберлігін көрсетті
Фото: Ринат Керейбаевтің жеке архивінен

Жергілікті тұрғындар қазақтың ұлттық ойынын меңгеруге ерекше құлшыныс танытты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Ринат Керейбаев Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өткен халықаралық турнирге қатысты. Зияткерлік тартыста Қазақстан, Моңғолия, Үндістан және қабылдаушы елдің спортшылары бақ сынады.

Ерлер арасында ақтық сында жерлесі Дархан Әнуарбековті жеңген павлодарлық жеңімпаз атанды. Қыздар арасында Гүлнәр Базаралиева үздік шықты. Ол шешуші кездесуде қазақстандық Аяна Исаханды жеңді. Айта кетейік, екі үшінші орынды кореялықтар О Санг Хи мен Ян Хи Се иеленді.

– Жалпы, корейлер тоғызқұмалақты өте ыждағаттылықпен үйренді, ойынның барлық қыр-сырын түсінуге тырысты, бұл өте таң қалдырды, – дейді Ринат Керейбаев. – Турнир жоғары деңгейде өтті, ұйымдастырылуы әсерлі болды. Мұндай турнирдің Оңтүстік Кореяда алғаш рет өткізілді.

Турнирдің өзінен бөлек, тоғызқұмалақтың негізін қалаушылар Оңтүстік Корея мектептерінде шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Ұлттық түркі ойынының сабақтары көптеген балалардың қызығушылығын тудырды.