Павлодарлық студент суға батып бара жатқан жасөспірімдерді құтқарып қалды
Балаларды құтқарып қалған 20 жастағы Асан Асайыновтың өзі де суға батып кете жаздады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Асан Асайынов 12 шілде күні орталық жағажайда демалып жатқан кезде судағы екі баланың әрекеті күдік тудырған.
– Судың жағасында тұрған кезде екі ер баланың Ертісте суға батып бара жатқанын көріп қалдым. Олар жағадан он метр қашықтықта суда жүзген, – деп еске алады Асан Асайынов. – Бастапқыда ұлдар ойнап жатыр деп ойлап қалдым.
Алайда кенеттен суға батып бара жатқан 15-16 жастағы ұлдардың досы Асанға жүгіріп келіп, көмек сұраған.
– Бірден ұлдарды құтқару үшін соларға қарай жүзе бастадым. Бір бала судың астына кете жаздады, бірақ оны шашынан ұстап, су үстіне шығарып үлгердім. Бірінші баланы құтқарған кезде екіншісі мені судың астына тарта бастады, – дейді студент.
Дегенмен Асан жасөспірімдердің суға кетуіне жол бермей, екеуін де судан аман алып шықты.
– Жағаға шығарғаннан кейін екі бала естерін жинай бастады. Сол кезде олар мені өздерімен бірге судың астына алып кетеді деген ой болмады, – дейді ол. – Сол сәтте менің бар ойым оларды құтқарып қалу еді.
Айта кетерлігі, Асан Асайынов бала кезінде ағасын иттен қорғап, батылдық танытқан.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті және Асан Асайынов жеке мұрағаттарынан алынған фото