Павлодарда тротуармен жүрген жүргізушіге айыппұл салынды

Павлодарда тротуармен жүрген жүргізушіге айыппұл салынды

Жол ережесін бұзған 39 жастағы қала тұрғыны болып шықты, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізу кезінде Toyota маркалы автокөлігінің жүргізушісі автокөлікпен тротуарда жүрген бейнежазбаны  анықтап, аталған  факті бойынша тексеріс жүргізген. 

–  Жүргізуші 15 мамырда Толстой - Нұркин көшелерінің қиылысында көлік құралын басқара отырып, тротуар бойымен жүрген. Осылайша жол жүру ережесінің 9.9-тармағын бұзғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты аталған құқық бұзушылықты жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК 596-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды,  –  деді Павлодар қаласы  полиция басқармасы  патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Максим Қостанов.

Айта кетерлігі, биылғы жылы облыста жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, жаяу жүргіншілер жолдарымен, жол жиектерімен немесе тротуарлармен жүргені үшін 56 жүргізуші  әкімшілік жауапкершілікке тартылған.