Павлодар облысында 15 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды
Елімізде жұмыссыздық мәртебесін беру мерзімі 2 күннен 13 күнге ұзартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1 қазаннан бастап Еңбек министрлігі жұмыспен қамту қызметін жетілдіру бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Мұнда азаматтарға қолдау көрсетудің жаңартылған тәртібі сынақтан өткізіліп, «Мансап» орталықтары мен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының мамандары оқытылмақ.
Павлодар облысы еңбек мобильділігі орталығының мамандарының айтуынша, жұмыс іздеуші мәртебесінде болу мерзімінің ұзартылуының басты мақсаты – азаматқа барынша қысқа мерзімде лайықты жұмыс орнын табу. Әрі жұмыс беруші 13 күн ішінде жұмыс іздеушінің білімін, дағдыларын және кәсіби талап-тілектерін жан-жақты саралай алады. Осы мәліметтер негізінде оған жұмысқа орналасудың қолайлы нұсқалары ұсынылады.
– Жұмыс іздеуші тұлғалар мен жұмыссыздардың айырмашылығы мынада: адам жұмыс іздеп жүрген кезеңде оны жұмыспен қамтуға тартудың барлық шаралары қолданылады. Ал адам жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін, тиісінше, медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылатын болады, – дейді облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Қазбек Жомартов.
Осы ретте павлодарлықтарға жұмыс іздеуде жасанды интеллектінің көмекке келетінін атап өткен жөн. Ол үшін «Мансап» орталығына барып, жұмыс іздеуші ретінде есепке тұрудың қажеті жоқ.
Орталық басшысы аталған өзгерске орай өңірде жұмыспен қамтудың цифрлық қызметінің пилоттық жобасы іске қосылғанын мәлімдеді. Жүйе «Enbek» платформасы арқылы жұмыссыз азаматтарға өзі SMS хабарламалар жіберіп, бос жұмыс орындар туралы ақпарат ұсынады.
– Ол үшін жұмыс іздеуші сілтеме арқылы өтіп, цифрлық жұмыспен қамту қызметінің платформасында резюме қалдырып, жұмыс берушіге тікелей өтінім жолдай алады. Оның өтінімі мен резюмесі жұмыс берушінің жеке кабинетінде көрінеді. Жұмыс беруші оны сұхбаттасуға шақырып, жұмысқа қабылдауына болады. Бұл жағдайда жұмыссыз немесе жұмыс іздеуші ретінде есепке тұру міндетті емес, – деді Қазбек Жомартов.
Айта кетелік, бүгінде Павлодар облысындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Жыл басынан бері 15 мыңнан астам адам жұмысқа орналасуға көмек алды. Олардың бір бөлігі тұрақты жұмыс тапса, енді бір бөлігі уақытша жұмыспен қамтылды.