Павлодарлық студенттер цифрлық инклюзивті экожүйе әзірледі

Павлодарлық студенттер цифрлық инклюзивті экожүйе әзірледі
Иллюстрация: AI

Көпфункциялы мобильді қосымша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобаның миссиясы қарапайым әрі маңызды: цифрлық ортаны жеңілдетіп, әр адамға қызметтерді тең дәрежеде пайдалануға мүмкіндік беру.

Торайғыров университеті Computer Science факультетінің студенті Станислав Кириченко экожүйенің бірнеше бағытты қамтитынын айтты. Біріншісі – инватакси сервисі, ол Ақсуда сынақтан сәтті өтті. Екіншісі – «Open Ways» картасы, ол Қазақстан бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ғимараттар мен инфрақұрылымды көрсетеді. Үшінші бағыт – «In Love» танысу сайты мен мессенджері, ол қарым‑қатынас пен әлеуметтенуге арналған. Қосымшада дауыс функциялары мен контрастты тақырыптар қарастырылған.

– Біз адамдардың тек тұрмыстық мәселелерін шешіп қана қоймай, қосымшаның көмегімен қорқыныштарын жеңгенін қалаймыз. Инватакси жүйесі жақсы нәтиже көрсетті, бірақ іске қосылуы кейінге қалдырылды. Себебі, егде жастағы жолаушыларға жаңа технологияны меңгеру қиын. Жастар қосылса, сервис сұранысқа ие болады, – деді Станислав Кириченко.

Әзірлеушілер қосымшаны кеңейтуді жоспарлап отыр: жеңілдікпен теміржол билеттерін сатып алу, жаңалықтар оқу, спорттық үйірмелер туралы ақпарат, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жұмыс іздеу сервисі. Сондай‑ақ коммерциялық мүмкіндіктер қарастырылуда, олардың қатарында арнайы тауарлар жарнамасы, таксопарктермен және жеткізу агрегаторларымен әріптестік құру бар.

Суперапп екі жылдан бері жасалып келеді, әр бағытты студенттер бөлек дамытады. Жоспарда – инватакси қызметіне арналған қосымшаның бөлігін Қазақстан бойынша іске қосу және жаңа сервистер қосу.

Өткен жылы Торайғыров университетінің айтишник студенттері – Өмірзақ Нұрдәулет, Станислав Кириченко және Ислам Куленов Meta LLaMA Accelerator Kazakhstan бағдарламасының жеңімпаздары қатарына енді. Олардың ЖИ көмегімен жаңалықтар жасайтын веб‑қосымша Neuro News жобасы – инклюзивті функцияларды да қамтыды. Мәселен, дауыс көмекшісі, мәтінді дыбыстау және дальтонизмге шалдыққан азаматтарға арналған ыңғайлы интерфейс.

Осылайша, павлодарлық студенттер тең мүмкіндіктерге арналған цифрлық ортаны біртіндеп құрып келеді. Оларға бір ай бұрын Торайғыров университетінде ашылған жаңа ЖИ зертханасы көмектесуде. Мұнда Toraighyrov IT Advanced Network қауымдастығы құрылып, қазірдің өзінде 10-ға жуық болашақ айти маманын біріктірді.

Жобаның басты демеушісі – Павлодар облысының әкімдігі. 10 миллион теңге көлеміндегі сертификат қаражатына зертханаға заманауи iMac моноблоктары сатып алынды. Бұл сыйлықты университетке 65 жылдық мерейтойға орай өңір басшысы Асайын Байханов табыстады.

Фото: Станислав Кириченко